RU
Толық нұсқаға өту

Көкшетаудағы Қопа көлі ластанып барады

29.09.2026, 08:40 54

Жергілікті экологтар осылай деп дабыл қақты. Оған себеп – көлге құйылатын ағынды сулар, жаңбыр мен коммуналдық қалдық сулары дұрыс тазартылмайды. Салдарынан су астында балдыр өсіп, көл жағалауында қамыс қаптап кеткен, деп хабарлайды 24KZ.


Енді бұл мәселені шешудің жолы қайсы? Қайтпек керек?

Абзал Азаматұлы, тілші:

— Қопа – Көкшетаудың көркі, облыс орталығының ажары. Алайда көлдің беті мөлдір болғанымен, экологтарды оның түбі алаңдатады. Мамандардың айтуынша, су айдынының жалпы аумағы мың төрт жүз гектарға жуық. Қазір соның 20 пайызын балдыр басып, жағасына қамыс өсіп кеткен.

Алпысты алқымдаған Юрий Белоног Қопаға жақын жерде тұрады. Қария аптасына екі рет осы көлге келіп, балық аулайды. Қайығымен көлдің ортасына дейін барады. Балықшының айтуынша, бұрын су бұдан сәл таза болатын. Ал қазір мұнда күл-қоқыс пен шөп-шалаң көбейіп кеткен.

Юрий Белоног, Көкшетау қаласының тұрғыны:

— Бұл көлді бір тазалайтын уақыт келді. Балыққа шыққанда көлдің түбінен көптеген қоқыстарды көремін. Шомылуға қауіпті. Тазалап ұстаса, таптырмайтын су айдыны ғой. Балықтың да түр-түрі бар.

Қопа Көкшетаудың қақ ортасында орналасқан. «Сондықтан тұрғындар да оның тазалығына тікелей кері әсер етеді», - дейді мамандар. Көлдің ластануына тағы бір себеп осы жерге келіп құятын Қылшақты өзені.

Әбілжан Құсайынов, биология ғылымдарының докторы:

— Мынау — жаңбыр суын ағызатын кәріз жүйесі. Көшеден ағатын сулар Қылшақты өзеніне, одан әрі Қопа көліне құйылады. Сондықтан осы ағынды жою керек. Кешенді түрде қарасақ, көлдің түбіндегі лайдың қалыңдығы шамамен бір жарым метрге жетеді. Енді сол лайды тазаласа, нұр үстіне нұр болар еді.

«Жауаптылар болса, көлді тазалау үшін қолдан келген шараның бәрін жасап жатырмыз», — дейді. Қамысын шауып, балық жібергендерін айтады. Ал суды балдырлар мен қоқыстан толық арылтуды көздейтін жоба енді ғана дайындалған.

Сергей Савельев, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

— Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Құны шамамен 22 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру көздері қайдан болатыны әлі белгісіз. Жалпы көлді тазарту жұмыстары жобаға сәйкес тек жазғы уақытта жүргізіледі. Егер қаржы бөлінсе, келер жылы жұмысты бастап, 2030 жылы аяқтауды көздеп отырмыз.

Қопа көлінен бөлек, өңірде ластанған тағы бірнеше су айдыны бар. «Тіпті, туристер көп қатынайтын Зеренді мен Бурабайдағы өзен-көлдердің жағдайы сын көтермейді», - дейді мамандар.

Әбілжан Құсайынов, биология ғылымдарының докторы:

— Бурабай өңірінде үлкен Шабақты өзеніміз бар. Сонда біздің зерттеуіміз бойынша аммиактың құрамы нормадан асып тұр. Оның себебі бұрын птицафабрика болған. Солар қоқысты, птицафабриканың көңін сол полигонға апарып төккен. Полигон көлге жақын.

Айталық, соңғы бір жылда өңірде 60 шақырымға жуық өзен арнасы тазартылып, табаны тереңдетілді. Оның ішінде жыл сайын тасытын Жабай, Қалқұтан, Шағалы, Нұра, Есіл сияқты ірі су айдындары бар. Осылайша, 70 елді мекендегі тасқын қаупі толығымен сейілді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz