RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жұмыстары күшейтілді

29.09.2026, 09:50 42

Қазақстанда әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жұмыстары күшейтілді. Биыл полиция қызметкерлері отбасында жанжал шығарған 40 мыңнан астам адамды ұстаған. Ал тоғыз мыңға жуық адамға сот шешімімен арнайы шектеулер қойылды. Қиын жағдайға тап болған әйелдер дағдарыс орталығын паналайды. Өскемен қаласындағы орталық биыл 430 әйелге қолдау көрсетті, деп хабарлайды 24KZ.


Биыл тек Шығыс Қазақстан облысының полицейлері тұрмыстық жанжалға қатысты 2,5 мың деректі тіркеді. Әрбір істің артында жеке тағдыр, өзіндік себеп тұр. Сондықтан тергеушілер мен психологтар жағдайды жан-жақты зерттейді. Жақындарынан жәбір көрген Әлия есімді келіншек екі жасар ұлын ертіп, үйден кетуге мәжбүр болыпты. Қазір дағдарыс орталығында тұрып жатыр.

Әлия, Өскемен қаласының тұрғыны:

— Далаға қуып шыққан кезде менің баратын жерім жоқ болды ғой. Не туыс жоқ, не үй жоқ. Екі жастағы кішкентай баламен. Мына жерде көп көмек берді.

Әлияның өміріне қауіп жоқ. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімделді. Биыл Өскемен қаласында 430 адамға көмек көрсетіліпті.

Жансая Төлеуханова, Өскемен қаласы Дағдарыс орталығының психологы:

— Бізде әлеуметтік тұрмыстық қызметтер, сонымен қатар әлеуметтік педагогикалық, әлеуметтік бейімдеу және мәдени, экономикалық-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Одан кейін жеке консультацияларды өткіземіз.

Қиын жағдайға тап болған азаматтарға полиция тарапынан қажетті кеңес беріледі. Әлеуметтік мәселелерін шешуге, соның ішінде жұмысқа орналасуына да ықпал етеді. Мұндай шаралар отбасындағы жағдайды тұрақтандыруға сеп болады.

Гүлім Қасембаева, ШҚО ПД аға инспекторы:

- Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде осы саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтар деңгейі 20%-ға төмендеді. Бұл – полиция мен барлық құзырлы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі.

Қазақстанда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында әйелдерді қорғау шаралары күшейтілді. Биыл еліміз бойынша 30 мыңға жуық адам Отбасын қолдау орталықтарына жүгінген.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz