№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің мұғалімі Людмила Милютинаның мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше. 26 жылдан бері ұстаздық ететін жан оқушылардың жүрегіне тілге деген махабатты ұялатып, мәртебесін арттыруға үлес қосып жүр.
Людмила Милютина Есіл ауданы Бұлақ ауылында туып-өскен. Қазақ тілін бала кезінен үйренген. «Ынта болса, тіл үйрену еш қиындық тудырмайды» дейді.
Людмила Милютина, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Бала кезімнен бастағандықтан, ешқандай қиындық болған жоқ. Біз қазақ ауылында жалғыз орыс отбасы болып тұрдық. Менің әке-шешеме қиын болды. Олар тек түсінгенімен, сөйлеу барысында қиналды. Сондықтан менің ойымша, тілді бала кезден, балабақшадан бастап үйренуге болады.
Людмила университетке қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі факультетіне оқуға түседі. Көпшілік оған бұл мамандықты игере алмайтынын айтып, таңдауын өзгертуді ұсынған. Алайда ол алған бетінен қайтпайды. Жоғары оқу орнын үздік тәмәмдап, мектепке жұмысқа кіреді.
Людмила Милютина, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Менің қызметімді өмірдегі ең тамаша мамандық деп айтуға болады. Ұстаздық – әр мамандыққа жол ашатын нағыз мамандық. Мен балаларды өте жақсы көремін. Сабақ өткізген кезде бар жанымды салып, бар күшімді жұмсаймын.
Орыс сыныптарына сабақтан бөлек, аптасына екі рет қосымша дәріс өткізеді. Бос уақытында да қала тұрғындарына қазақ тілін үйретеді. Айтуынша, мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндердің қатары жыл санап артып келеді.
Асмина Абдуллаева, оқушы:
- Ұлтым – әзірбайжан. Маған Людмила Васильевна ұстаз өте ұнайды. Сол кісінің арқасында қазақ тілін үйреніп жатырмыз. Сабақтар өте қызықты өтеді.
Людмила: «Қазақ тілінде сөйлеу – азаматтық міндетім», - дейді. Ол тіл үйретіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды да дәріптеп жүр. Тіл жанашыры халық әндерін орындайды. Қазақ ақын-жазушыларының өлеңдерін жатқа оқиды.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #Петропавл #қазақ тілі #Әдебиет #ұстаз #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz