RU
Толық нұсқаға өту

Цифрлық теңгені пайдалану аясы кеңейтіледі

29.09.2026, 13:03 39

Қазақстан алдағы 12 айда цифрлық теңгенің айналымын 2 трлн теңгеге дейін жеткізбек. Қазір айналымда 346,6 млрд цифрлық теңге бар. Үкімет ұлттық валютаның үшінші формасын мемлекеттік сатып алуларда кеңінен пайдалануды көздеп отыр. Цифрлық теңге қалай жұмыс істейді және оның қолма-қол ақшадан айырмашылығы неде? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Цифрлық теңге қолма-қол және банктік шоттағы қаражатпен қатар жүретін ұлттық валютаның толыққанды түрі. Төл теңгенің үшінші формасы деуге болады. Оның басты ерекшелігі таңбалануында. «Әрбір цифрлық теңге – бірегей токен. Оның мақсатын белгілеуге болады. Мысалы, егер мемлекет цифрлық теңгені жол құрылысына деп бөлсе, мердігер оны бөгде шотқа аудара алмайды, жылжымайтын мүлікке немесе қымбат көлік алуға жұмсай алмайды», - дейді Ұлттық банк өкілдері.

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банк ресми өкілі:

- Қазір негізі цифрлық теңге заңдық мәртебеге ие болғанымен, әлі күнге дейін пилоттық жобаларда ғана сынақтан өткізіліп жатыр. Пилоттық жобалар 2023 жылдан бері іске асырылып келеді. Осы 2023 жылдан бері 346,6 млрд цифрлық теңге шығарылды және сол арқылы 61 мыңнан астам транзакция жасалды.

Елде 20 пилоттық жоба цифрлық теңге арқылы қаржыландырылған. Оның 10-ы толық тапсырылды, ал қалғаны аяқталуға жақын. Мысалы, Достық-Мойынты жол құрылысының бір бөлігі осындай төлеммен іске асқан. Бұдан бөлек, өңірлік жолдарды жөндеу де цифрлық теңгемен төленді. Ауыл шаруашылығына қатысты кейбір субсидиялар да ұлттық валютаның осы формасымен берілген. Тағы қосымша 50-шақты жобаны цифрлық теңгемен қаржыландыру туралы келісімдер жасалған.

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банк ресми өкілі:

— Экономикалық тұрғыдан алғанда цифрлық теңгенің тиімділігі ең алдымен мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге, қадағалауға зор мүмкіндіктер ашады.

2020 жылы жемқорлықпен күресу үшін ұсынылған жаңа технологиялық шешім бүгінде жақсы нәтиже бере бастады. Алдағы 12 айда мемлекет цифрлық теңге айналымын 2 трлн-ға дейін арттыруды көздеп отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

— Цифрлық теңгенің криптовалюталардан айырмашылығы, ол — Ұлттық банк шығаратын орталықтандырылған цифрлық валюта. Яғни заңды төлем құралы. Сондықтан мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру цифрлық теңгені қолданудың маңызды нәтижесі болуы тиіс. Цифрлық теңге цифрлық қаржы сервистерін дамыту құралына айнала алады. Цифрлық шарттарды бекіту мүмкіндігі мемлекеттік сатып алулар мен корпоративтік операцияларда есеп айырысу үдерістерін автоматтандыруға жол ашады.

Премьер-министр Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкке цифрлық теңгенің қолдану аясын кеңейтуді тапсырды. Осылайша, Үкімет қаржы операцияларының ашықтығын арттырып, талан-таражға түспеуін қамтамасыз етпек.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Медет Қуанышбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz