Астанадағы Тәуелсіздік сарайында KazHackStan 2026 халықаралық конференциясы басталды. Бұл – Орталық Азиядағы киберқауіпсіздік бойынша ең ірі іс-шаралардың бірі. Биылғы жылдың басты тақырыбы – Cyber Resilience, яғни кибертөзімділік, деп хабарлайды 24KZ.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінде кибершабуылдардың алдын алу жеткіліксіз. Мемлекеттік жүйелер, компаниялар мен цифрлық қызметтер қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, тіпті күрделі шабуылдан кейін де жұмысын жалғастыруға қабілетті болуы тиіс. Қатысушылар осы тақырыпта пікір алмасып, жаңа технологиялық шешімдерді талқылады.
Жалпы конференцияға 10 мыңға жуық адам тіркелген. Жиын аясында 55 команда 2 күн бойы киберқауіпсіздік бойынша тапсырмалар орындап, жарысады. Сонымен қатар алаңда арнайы көрме жұмыс істеп тұр.
Онда қазақстандық және халықаралық компаниялар киберқауіпсіздік саласындағы өнімдерін ұсынды.
Досжан Мұсалиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
— Министрлік ретінде ең алдымен, биыл киберқауіпсіздік саласындағы заңды алғаш рет қабылдадық. Оған қоса, жеке деректерді қорғауға қатысты заң да қабылданды. Осы бағытта көптеген өзгерістер енгізілді. Қазақстан БҰҰ-ның дүниежүзілік рейтингіне сәйкес, «Tier 2», яғни екінші топқа кіреді. Сондықтан елімізде киберқауіпсіздік саласында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Абулхаир Иманбердиев, TSARKA GROUP компаниясының ақпараттық қауіпсіздік:
— Қазақстанда, мәселен, ақпараттық қауіпсіздікпен айналысатын 45 компания бар және олардың саны көбейіп келе жатыр. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, біздің конференциямызға 10 мыңға жуық адам келді. Бұл ақпараттық қауіпсіздік саласына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Қазіргі кезде көптеген қазақстандық мамандарымыз әлемдік деңгейдегі сертификаттарға ие болып жатыр.
Тегтер #конференция #Астана #KazHackStan 2026 #Орталық АзияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz