RU
Толық нұсқаға өту

Жетісу облысында қант қызылшасын жинау науқаны басталды

29.09.2026, 19:30 25

Биыл өңірдің басты техникалық дақылына бөлінген алқаптардың ауданы былтырғы жылмен салыстырғанда мың жарым гектарға артқан, деп хабарлайды 24KZ.

Сондай-ақ күзгі жиын-терім жылдағы мерзімнен бір апта ерте басталды. Шикізат дайындайтын жергілікті қос зауыт та кестеден бұрын іске кіріскен.

Вячеслав Поляков қант қызылшасын бес жылдан бері өсіріп келеді. Шаруа қожалығы заманауи қарқынды технологияларға иек артып, қызылша жинайтын комбайн да сатып алған. Кәсіпкер: «Техникалық дақылдан мол өнім алуға болады», - дейді. Мемлекет тарапынан бөлінетін жеңілдетілген жанар-жағармай мен субсидия – шаруа қожалықтарына айтарлықтай қолдау. Дегенмен ауыл шарушылығы өнімінің өзіндік құны өсіп келеді. Атап айтқанда, соңғы жылдары қосалқы бөлшектер, минералды тыңайтқыштар мен жанармай бағасы шарықтап кеткен.

Вячеслав Поляков, шаруа қожалығының басшысы:

- Егер бес жыл бұрынғы уақытты алсақ, баға 40 теңге болды. Дәл осы дақыл үшін бұл өзекті, тіпті жақсы баға еді. Бірақ соңғы бес жылда бәрі қымбаттады. Бірақ өнім құны өзгеріссіз қалды. Меніңше, баға бұдан жоғары болуы керек.

Биыл қант қызылшасы 13 500 гектар алқапқа егілген. Заманауи қарқынды технологияларды қолданып отырған қожалықтар әр гектардан шамамен 445 центнер өнім алып отыр. Жиын-терім науқанының ерте басталуына жергілікті диқандардың заманауи, ерте пісетін түрін егуі себеп болған.

Бақтияр Шампиков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы баға бір тоннаға қырық мың теңгені құрайды. Оның он бес мың теңгесін қант зауыттары төлейді, жиырма бес мың теңгесі – ол мемлекеттік субсидия. Бүгінгі күнге мына жасалып жатқан агротехникалық карталарға сәйкес бүкіл шығындарын есептегенде қант қызылшасы қазір ең тиімді дақыл болып саналады. Сондықтан қазіргі уақытта биылғы жылға бағаны көбейту мәселесі бізде қарастырылмайды.

Өңірдегі қант зауыттары да биыл өнімді мерзімінен бұрын қабылдауға кіріскен. Биылғы маусымда олар 690 мың тонна қант қызылшасын өңдейді. Қазіргі таңда Көксу қант зауытына 6 мың тонна өнім жеткізілді.

Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:

- Модернизация бізде негізі екі үш этапқа бөлінеді. Бірінші этабы бітті. Екінші этабы жалғасуда. Әлі істеліп жатыр. Ол біткеннен кейін екінші этапты  іске қосамыз. Сол уақытта қант қызылшасын тәулігіне өңдеуді үш мың тоннаға шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Негізгі біздің мақсатымыз – зауыттың қуаттылығын бес мың тоннаға шығару.

Соңғы бес жылда Жетісу облысындағы қызылша алқаптарының көлемі үш жарым есе өсті. Ал дайын қант көлемі 25 мыңнан 100 мың тоннаға дейін артқан.

Авторлары: Мансур Есқожин, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz