RU
Толық нұсқаға өту

Деректер орталығынан зиян көбейді

29.09.2026, 20:20 22

Технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Бір кездері тіпті қиялымызда елестете алмаған дүниелер қазір оп-оңай іске асырылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Алайда қауіп те жоқ емес. Жаңа технология адамның қолын тегін ұзартып отырған жоқ. Былтыр жасанды интеллектіге бағытталған дата-орталықтардың жаһандық электр энергиясын тұтыну көлемі 50%-ға өскен. Яғни сағатына 485 тераватт. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есе артуы мүмкін. «Егер бұл процесс бақылауға алынбаса, онсыз да ушығып тұрған энергия тапшылығы күшейеді», - дейді сарапшылар.

Деректер орталықтарының электр энергиясын тұтыну көлемі жылдам артып жатыр. Алдағы 3-4 жылда дата-орталықтар 950 тераватт көлемінде электр энергиясын тұтынады. Бұл әлемдік энергияның шамамен 3%-ы. Иә, айтарлықтай көп еместей көрінеді. Дегенмен 950 тераватт дегеніміз тұтастай бір мемлекет пайдаланатын тоқ көлемі. Мәселе мұнымен бітпейді. Үздіксіз жұмыс істеп тұрған мыңдаған серверді салқындату үшін су қажет. Бұл, әсіресе, құрғақшылық жайлаған аймақтардың жергілікті инфрақұрылымына қосымша қысым. Мәселен, Аустралияның Мельбурн қаласында барлық деректер орталығы жыл сайын 20 млрд литрге дейін су пайдалануы мүмкін.

Николас Рис, Мельбурн қаласының лорд-мэрі:

- Деректерді өңдеу орталықтары қыруар энергия мен су тұтынатынын білеміз. Сондықтан мұндай орталықтардың маңайындағы аудандарға, қоршаған ортаға да зияны орасан. Бұдан жергілікті тұрғындар аса пайда көрмейді. Сондықтан біз деректер орталығының жұмысы екі тарапқа да — инвесторлар мен халық үшін бірдей тиімді болғанын қалаймыз.

Мәселенің шешімі ретінде сарапшылар жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ұсынады. Amazon, Microsoft, Google және Meta сынды алпауыт компаниялар қазір энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық энергияны пайдалану тетіктерін қарастырып жатыр. Суды үнемдеу мақсатында да бірқатар компания түрлі шешімдерді іске асыруда.

Макс Гаспаррони, Fastweb компаниясының бас техникалық директоры:

- Біздің компанияға тиесілі деректер орталығында суды тұтыну көрсеткіші төмен. Нөлге тең десе болады. Өйткені біз тұйықталған салқындату жүйесін қолданамыз. Орталық 2014 жылы салынды. Сол кезде құбырларға 120 мың литр су құйылды. Серверлерді салқындату үшін күн сайын дәл осы су жұмсалады. Қосымша ресурс тартудың қажеті жоқ.

Былтыр әлем бойынша деректер орталығының саны 12 мыңға жуықтады. Ал технологиялық компаниялар жұмсаған инвестиция көлемі шамамен 580 млрд долларға жетіп, алғаш рет мұнай сатып алуға жұмсалатын жаһандық шығындардан асып түсті. Бұл көрсеткіш, сөзсіз, алдағы уақытта тек өсе бермек.

Автор: Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz