RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытау облысындағы Сарысу өзеніне көпір салынып жатыр

29.09.2026, 20:55 38

Ұлытау облысының Қызылжар кентінде Сарысу өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік көпірі жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Нысанның құрылысы жергілікті тұрғындардың ұсынысы бойынша қолға алынған. Бұған дейін көктемгі және күзгі маусымда өзен суы көтеріліп, қолданыстағы өткелді су шайып кететін. Соның салдарынан ауыл тұрғындары аудан және облыс орталығына көрші елді мекендер арқылы айналма жолмен қатынауға мәжбүр болған. Қызылжар кенті үш өзеннің тоғысар тұсында орналасқан. Көктемде су тасыған кезде Сарысуға Сөрті мен Манақа өзендері қосылып, өткел бермей кетеді. Сол кезде айға жуық уақыт ауылдан шығу қиындайтын. Ал өзен арнасына салынған мына көтерме жолды судың беті қайтқан соң тұрғындар өздері жөндеп келген.

Әбушахман Бекмағанбетов, Қызылжар кентінің тұрғыны:

- Мынаны өзіміз жүк тиегішімізбен, тракторымызбен істейміз. Анау жақтан тасын тасимыз. Жылда істейтініміз сол. Өзім 20 жыл істеппін.

Қызылжар кентінде 2 мыңға жуық адам тұрады. Көктем мен күзде ауданға немесе облыс орталығына бару үшін көрші елді мекендер арқылы айналма жолмен қатынап келген тұрғындардың мәселесі жақында шешімін табады. Бір жарым жылға созылған көпір құрылысы аяқталуға жақын.

Аян Баймырзаев, мердігер компания өкілі:

- Қазіргі таңда 20-ға жуық адам, 7 техника жұмыс жасап жатыр. Қиындық құрылыс болған соң болады. Бұл жерде тасымал жағы қиындау болды. Бөлшектерді алыстан тасыдық. Жолға бір аптадан артық жұмсалды. Ол уақыттарда басқа жұмыстармен айналысамыз.

Дүйсенбай Жайлаубаев, Қызылжар кентінің әкімі:

- Бұл көптен күткен халықтың қуанышы деп айтуға болады. Бұған дейін көптеген қиындықтар болды. Қыста қиындық көрдік. Қар алып қалады. Одан қалса, көктемде су тасыды. Әсіресе 2015 жылдары қатты тасыды. Сол кезде қиындықтар туындады. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей. Осы халықтың үнін тыңдаған мемлекетке рақмет айтамыз.

Көпір құрылысына Республика қазынасынан 2 млрд теңге бөлінді. Өткелдің ұзындығы 151 метр. Қазір құрылыс жұмыстары шамамен 80 пайыз аяқталды. Мердігерлер мерзімінен бұрын бітіріп, қазан айының соңына дейін ел игілігіне береміз деп отыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz