Сүт өнімдері іргелес елдермен қоса, Кореяға дейін экспортталып жатыр. Тіпті бұл нарықта сұраныс артқан. Сол себепті өндірісті де ұлғайтамыз. Жыл соңына дейін тағы 19 сүт-тауар фермасы іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ.
3 мың тоннаға жуық өңделген сүт экспортталды
Елде сүт өнімдерін өндіруге шикізат жеткілікті. Кәсіпорындар озық технология мен тәжірибені тоғыстырып, кешенді өндіріс желісін қалыптастырды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр 671 мың тонна өнім өндірілді. Бұл алдыңғы жылдағыдан 6 пайызға көп. Ал биыл қаңтар-тамыз аралығында 441 мың тонна тауар шығарылған. Соның басым бөлігі Ақмола, Алматы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындарға тиесілі. Өнім ішкі нарықпен қоса шетелге де жөнелтіледі. Осы жылдың алғашқы жартысында 3 мың тоннаға жуық өңделген сүт экспортталды. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3 пайызға артып отыр. Негізгі тұтынушы елдер — Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан.
Кореяға ірімшік пен сүзбе экспортталды
Ірімшік пен сүзбе өндірісі де ұлғайды. Биыл қаңтар-мамыр аралығында 25 мың тоннадан астам өнім шығарылған. Былтырғыдан 28 пайызға артқаны байқалады. Соның мың тоннаға жуығы шетелге сатылған. Ресей, Қырғызстан және Армениядан тапсырыс көлемі тұрақты болса, Өзбекстан мен Моңғолиядан сұраныс көбейді. Сонымен қатар жаңа нарықтар ашылды. Биыл Әзербайжан мен Кореяға алғаш рет тауар жөнелтілді.
Агросекторда өңделген өнім үлесі 70%-ға жетеді
Агросектордағы өңделген өнім үлесін арттыру керек. Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндет бұл. Сүт өнімдерімен қатар ет, астық пен майлы дақылдарды қоса алғанда, шикізатты өңдеу көлемі кейінгі үш жылда 35-тен 64 пайызға дейін өсті. Биыл осы көрсеткішті 70 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қайта өңдеу үлесінің артуы біздің экспортымызда да көрініс тапты. Осыдан бірнеше жыл бұрын экспорттағы қайта өңделген өнімнің үлесі 43 пайызды құраған болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 52 пайызды құрады.
19 сүт-тауар фермасы іске қосылады
Жыл соңына дейін тағы 19 сүт-тауар фермасы іске қосылады. Онда жыл сайын 100 мың тонна сүт өңдеуге болады. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Ведомствоның мәліметіне қарағанда, жаңа өндіріс орындарын салуға ниетті кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген несие бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соның негізінде жылына 500 мың тоннадан астам өнім шығаратын фермалар қаржыландырылды.
Тегтер #24KZ #сүт өнімдері #экспорт #корея #бұл нарықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz