Павлодардағы «Замандас» ардагерлер клубының 700-ге жуық мүшесі бар. Кезінде түрлі салада қызмет атқарған зейнеткерлер құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғамдық өмірден қол үзбеген, деп хабарлайды 24KZ.
Керісінше, белсенділіктерін арттырып, өздеріне ұнайтын іспен айналысып келеді. Солардың бірі — 90 жастағы Эмма Кисилёва. Кейуана тоқыма үйірмесіне жетекшілік етеді.
Экономист, спортшы, саяхатшы. Тоқсанның төріне шыққан Эмма Кисилёваның бос уақыты жоқ. Таңғы серуен, жаңа кездесулер мен сүйікті ісі зейнеткердің әр күнін қызықты өткізуге мүмкіндік береді. Қолөнершілермен бірге ол балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап түрлі бұйымдар тоқиды. «Ұзақ өмір сүрудің сыры — сергек көзқарас және адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуда», - дейді өзі.
Эмма Кисилёва, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Таңертең сағат 06:00-де тұрып, саябаққа барамын. Өзім Гагарин саябағының дәл қарсысында тұрамын. Саябақта кедір-бұдыр жерлермен жалаңаяқ жүргенді ұнатамын. Бұл маған сергектік береді. Саяхаттағанды да жақсы көремін. Мүмкіндік болса, қыдырып, жаңа жерлерді көргім келіп тұрады. Біреу қоңырау шалып, «кеттік» десе, көп ойланбастан келісе кетемін. Өйткені өмірдің өзі қозғалыстан тұрады емес пе?
«Замандас» клубының мүшелері қызығушылықтарына қарай түрлі топтарға бөлінген. Мүгедектігі бар адамдардан құралған «Оптимист» тобы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Қарттар күніне орай әлеуметтік мекемелерге барып концерт қояды.
Қанатбек Шаңов, музыкалық жетекші:
- «Оптимист» деген вокалдық топта істеп жатырмын. Сондай жақсы солистер. Бірінші, екінші дауыста ұстайды. Біздің репертуар бай, гастрольмен шығамыз, ұжым сондай жақсы.
«Замандас» клубындағы ең белсенді жандардың басын қосқан «Күміс волонтер» тобының негізі 2019 жылы қаланды. Экопатруль, экодесант және саяхатшылар болып бөлінетін бұл топ облыс ішінде ғана емес, еліміздің табиғаты көркем жерлеріне де барып, тазалық жұмыстарына атсалысады.
Нұрбану Әмірғалиева, «Замандас» ардагерлер клубының директоры:
- Ашылғаннан бері осылай тазалауға, бізді қайда шақырады барлық жерге барып жүрдік, осы бір-екі жылда экодесант болдық. Экодесант болғанда бізде саяхат тобы бар, сонда қайда барамыз, мысалы, Бурабайға, Баянауылға, сонда бір сағат экодесант сол жерді тазалаймыз. Ал биыл экопатруль болдық.
Экопатруль балалардың ойын алаңдарындағы тазалық пен қауіпсіздікті қадағалайды. Ал «Замандас» ардагерлер клубы құрылған 17 жыл ішінде оған келушілер саны 700-ге жуықтаған. Олардың әрқайсысы өмірдің қызығы мен мәні жасқа байланысты емес екенін өз ісімен дәлелдеп жүр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #24KZ #Павлодар #қарттар #Қарттар күні #ұзақ өмір сүру #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz