Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап электромобильдерді қуаттау кезінде қолданылатын өлшем құралдары міндетті тексеруден өтеді. Бұл талап қуаттау станцияларында берілген электр энергиясының көлемін дәл өлшеуді және тұтынушының нақты пайдаланған электр қуатына ғана ақы төлеуін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды 24KZ Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа талаптар Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 25 қыркүйектегі №272-НҚ «Мемлекеттік реттеуге жататын өлшемдер тізбесін бекіту туралы» бұйрығымен белгіленген.
Министрліктің хабарлауынша, 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап электромобильді қуаттау кезінде жүргізілетін өлшеулер мемлекеттік реттеу саласына жатады. Осыған байланысты қуаттау кезінде пайдаланылатын өлшем құралдары белгіленген метрологиялық талаптарға сай болуы және уақтылы тексеруден өтуі қажет.
Бүгінде электромобильді қуаттау құны берілген электр энергиясының көлеміне қарай есептеледі. Сондықтан қызмет құнын анықтау кезінде қолданылатын жабдық электр энергиясының көлемін дәл көрсетуі тиіс.
Құрылғыларды тексеру олардың жарамдылығын, белгіленген дәлдік шегінде жұмыс істейтінін және электромобильге берілген электр энергиясының нақты көлемін дұрыс көрсететінін анықтайды. Бұл тұтынушының көлігін қуаттау кезінде нақты берілген электр энергиясының көлеміне ғана ақы төлеуіне кепілдік береді, – делінген хабарламада.
Электр қуатын қуаттау станцияларының иелері мен операторлары пайдаланылатын өлшем құралдарының белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылап, олардың уақтылы тексеруден өтуін қамтамасыз етуі тиіс.
Ал электромобиль иелері үшін бұл өзгерістер төлем кезінде туындауы мүмкін қателіктерден қосымша қорғаныс беріп, жабдық көрсеткіштерінің дұрыстығына деген сенімді арттырады.
Электр көлігі мен оны қуаттау инфрақұрылымы қарқынды дамып жатқан кезеңде өлшеулерге қойылатын міндетті талаптарды енгізу өзекті. Қуаттау станцияларының саны артқан сайын нарықтағы қызмет көрсету тәртібі де біріздендіріліп, оператор мен тұтынушы арасындағы төлемнің дәлдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған талаптар қалыптасады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #электромобиль #қуаттандыру станцияларыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz