Алматыда Талғар асуы маңындағы 3200 метр биіктікте 28 қыркүйекте тауда жоғалып кеткен 73 жастағы шетелдік азаматты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ер адам бір топ адаммен бірге «Шымбұлақ» аспалы жолымен көтерілген. Кейін ол әріптестеріне бағытын өз бетінше жалғастырып, қаланың төменгі бөлігіне жалғыз түсетінін айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған.
Оның жоғалғаны туралы ақпарат 29 қыркүйекте «112» пультіне түскен. Сол күні Төтенше жағдайлар министрлігі іздеу-құтқару жұмыстарын дереу ұйымдастырған. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы құрылған.
Жету қиын учаскелерді тексеруге Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары, Алматы қаласының мониторинг және жедел әрекет ету орталығы, кинологиялық есептоптар, ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, полиция департаментінің қызметкерлері және «ДСС» еріктілері жұмылдырылған. Іздеу жұмыстарына барлығы 50-ге жуық адам, сегіз техника, жеті ұшқышсыз ұшу аппараты, үш кинологиялық есептоп және «Қазавиақұтқару» тікұшағы қатысып жатыр.
ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағының экипажы Талғардың сол жақ бөлігі, Богданович мұздығы және оған іргелес шатқалдардағы шыңдар мен асуларға қарай бағытталған тау бағыттарын әуеден тексерген. Жеті ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен жаяу іздеу топтары жету қиын учаскелер мен тау соқпақтарын қарап жатыр. Сонымен қатар бейнебақылау камераларындағы жазбалар тексеріліп, іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта болған туристерден жауап алынуда.
Іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Құтқарушылар таулы жердің күрделі бедерін, биіктікті және кейбір учаскелерге жетудің қиындығын ескере отырып, аумақты тексеруде.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Алматы #шетелдік азамат #жоғалып кетті #ТЖМ #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz