RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда iPhone 18 АҚШ-тан шамамен 60%-ға қымбат

01.10.2026, 10:59 68

Қазақстанда жаңа iPhone смартфондарының сатылымы басталған кезде олардың бағасы дәстүрлі түрде Apple компаниясының АҚШ-тағы ресми бастапқы бағасынан әлдеқайда жоғары болады. Соңғы бес буын бойынша 256 ГБ жады бар Pro нұсқаларының екі нарықтағы бағасы арасындағы айырмашылық 40%-дан 57,7%-ға дейін жеткен. Биыл бұл көрсеткіш соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды 24KZ energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Баға айырмашылығы бес жылда қалай өзгерді

2022 жылғы қыркүйекте iPhone 14 Pro 256 ГБ АҚШ-та 1099 доллардан сатылымға шықты. Сол кездегі орташа айлық бағам бойынша бұл шамамен 522,7 мың теңгеге тең еді. Қазақстанда смартфонның бастапқы бағасы 770 мың тең болды. Яғни отандық нарықтағы баға АҚШ-пен салыстырғанда 47,3%-ға жоғары болды.

Бір жылдан кейін iPhone 15 Pro 256 ГБ-ның АҚШ-тағы бағасы өзгерген жоқ – 1099 доллар. 2023 жылғы қыркүйектегі бағаммен бұл 514,2 мың теңге болды. Қазақстанда модель 720 мың теңгеден сатылып, баға айырмашылығы 40%-ды құрады.

2024 жылы iPhone 16 Pro 256 ГБ АҚШ-та бұрынғыдай 1099 доллардан шықты. Қыркүйектегі орташа бағам бойынша бұл 527,5 мың теңгеге тең болды. Қазақстандағы бастапқы баға 810 мың теңгеге жетіп, АҚШ бағасынан 53,6%-ға жоғары болды.

Өткен жылдың қыркүйегінде iPhone 17 Pro 256 ГБ АҚШ-та тағы да 1099 доллар тұрды. Бұл сол кездегі бағаммен 594,3 мың теңге еді. Қазақстанда смартфонның бағасы 860 мың теңге болды. Екі елдегі баға айырмашылығы 44,7%-ды құрады.

iPhone 18 Pro: АҚШ-пен баға айырмашылығы рекордтық деңгейге жетті

Биыл Apple компаниясы 256 ГБ жады бар Pro нұсқасының бастапқы бағасын көтерді. iPhone 18 Pro АҚШ-та 1199 доллардан сатылымға шықты. Алайда өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда теңгенің нығаюы смартфон бағасының өсуін ішінара өтеді. Қыркүйектегі орташа бағам бойынша америкалық баға шамамен 539 мың теңгеге тең.

Қазақстанда iPhone 18 Pro 850 мың теңгеден сатылып жатыр. Бұл өткен жылғы модельдің бастапқы бағасынан 10 мың теңгеге төмен. Бірақ АҚШ бағасынан бірден 57,7%-ға қымбат. Бұл соңғы бес буындағы ең үлкен айырмашылық.

iPhone 17 Pro алу үшін қанша жалақы қажет

Бұған дейін iPhone 17 Pro 256 ГБ моделінің қолжетімділік индексі есептелген. 2026 жылғы маусымда бұл смартфон Қазақстанда жеңілдіксіз 837 мың теңге немесе шамамен 1,7 мың доллар тұрды. Бұл АҚШ-тағы бағадан 45%-ға жоғары.

Сол кезде қолға тиетін орташа айлық жалақы 629,4 доллар болған. Демек, қазақстандыққа мұндай смартфонды сатып алу үшін шамамен 2,7 айлық жалақы қажет болған.

Ал өңірлер бойынша салыстыруда жеңілдікпен тамыз айындағы 790 мың теңге баға және міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы мен жеке табыс салығы шегерілгеннен кейінгі есептік орташа айлық жалақы – 365,5 мың теңге пайдаланылды.

Ел бойынша орта есеппен iPhone 17 Pro 256 ГБ сатып алу үшін шамамен 2,2 айлық жалақы қажет болды.

Жаңа iPhone жалақыға шаққанда қолжетімді бола түсті

Осы ретте смартфонның қазақстандықтар үшін қолжетімділігі де өзгерді. Жаңа iPhone Pro моделінің бастапқы бағасын орташа айлық жалақымен салыстырғанда, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеген.

2022 жылы iPhone 14 Pro 256 ГБ бағасы 2,6 орташа айлық жалақыға тең болды. 2023 жылы iPhone 15 Pro алу үшін 2,1 айлық жалақы қажет болды. 2024 жылы iPhone 16 Pro бойынша да көрсеткіш 2,1 жалақыны құрады.

Өткен жылы бұл көрсеткіш 2 жалақыға дейін төмендеді. Ал 2026 жылы iPhone 18 Pro бағасы шамамен 1,7 орташа айлық жалақыға тең.

Көрсеткіш неге төмендеді?

Бұл ретте есептеуде салықтар мен міндетті төлемдер ұсталғанға дейінгі есептелген орташа айлық жалақы пайдаланылған. Сондықтан көрсеткіш смартфон құнының есептелген жалақыға арақатынасын көрсетеді. Ал қолға тиетін нақты табыспен есептегенде қажет болатын айлық жалақы саны бұдан көп болады.

Индекстің төмендеуіне негізінен жалақының өсуі әсер еткен. 2022 жылдың үшінші тоқсанында орташа айлық жалақы 299,8 мың теңге болса, 2023 жылы 350,5 мың теңгеге, 2024 жылы 390,3 мың теңгеге, 2025 жылы 429,4 мың теңгеге жеткен.

Биылғы екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 486,4 мың теңгені құрады.

Осы кезеңде жалақы 62,2%-ға өскен. Ал жаңа iPhone Pro моделінің бағасы 770 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін, яғни 10,4%-ға ғана қымбаттаған.

Қай өңірлерде iPhone қолжетімді?

Ел бойынша орташа көрсеткіш өңірлер арасындағы елеулі айырмашылықтарды жасырып отыр. Биыл iPhone-ның қолжетімділік индексі Маңғыстау және Атырау облыстарында, сондай-ақ Астанада ең төмен деңгейде. Бұл өңірлерде iPhone 18 Pro бағасы шамамен 1,3 орташа айлық жалақыға тең.

Биылғы екінші тоқсанда Маңғыстау облысындағы орташа жалақы 673,7 мың теңге, Астанада 647,9 мың теңге, ал Атырау облысында 631,6 мың теңге болды.

Ұлытау облысы мен Алматыда смартфон сатып алу үшін шамамен 1,4 орташа айлық жалақы қажет.

Қай өңірлерде iPhone алу үшін көбірек жинау керек?

Қарағанды облысында жаңа iPhone бағасы 1,8 орташа айлық жалақыға тең. Ақтөбе, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 1,9 жалақыны құрайды.

Абай және Қызылорда облыстарында смартфон бағасы 2 айлық жалақыға тең. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында iPhone 18 Pro алу үшін шамамен 2,1 айлық жалақы қажет.

Жетісу облысында бұл көрсеткіш 2,2 айлық жалақыға жетеді.

Ең жоғары көрсеткіш Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Шымкентте тіркелді – шамамен 2,3 айлық жалақы. Бұл өңірлердегі орташа жалақы 363,1 мың теңгеден 377,7 мың теңгеге дейін.

Осылайша өңірлердегі көрсеткіштер арасындағы айырмашылық шамамен бір толық айлық жалақыға тең. Индекс 1,3-тен 2,3-ке дейін өзгереді.

Бүктелмелі iPhone Duo қанша тұруы мүмкін?

Жаңа бүктелмелі iPhone Duo да ерекше қызығушылық тудырып отыр. Оның АҚШ-тағы бастапқы бағасы 1999 доллар. Қыркүйектегі орташа бағам бойынша бұл шамамен 898,6 мың теңге.

Қазақстандағы ресми бағасы әзірге жарияланған жоқ.

Егер оның бағасы соңғы бес жылдағы Pro модельдерінде байқалған АҚШ-пен арадағы 40-57,7% айырмашылық шегінде қалыптасса, iPhone Duo Қазақстанда шамамен 1,26-1,42 млн теңге тұруы мүмкін.

Бүктелмелі iPhone сатып алуға үш жалақыға жуық қажет болуы мүмкін

Мұндай баға деңгейінде бүктелмелі iPhone қазіргі iPhone 18 Pro-ға қарағанда айтарлықтай қымбатқа түседі. Елдегі орташа есептелген айлық жалақы 486,4 мың теңге болған жағдайда оның болжамды құны шамамен 2,6-2,9 айлық жалақыға тең болады.

Ал салықтар мен міндетті төлемдерді ескергенде, қолға тиетін жалақыға түсетін салмақ бұдан да жоғары болады.

Қорытынды: iPhone қолжетімді бола түсті, бірақ баға айырмашылығы артты

Қорытындылай келе, соңғы бес жылда iPhone Pro бағасының орташа есептелген айлық жалақыға қатынасы төмендеген. Яғни көрсеткіш 2,6 жалақыдан 1,7 жалақыға дейін қысқарған.

Алайда қолға тиетін табыспен есептегенде смартфон сатып алуға жұмсалатын қаражат үлесі жоғары болады.

Сонымен қатар Қазақстандағы және АҚШ-тағы ресми бастапқы бағалар арасындағы айырмашылық сақталып қана қоймай, биыл соңғы бес буындағы ең жоғары деңгейге жетті.

Ал бағасы әлдеқайда қымбат болатын iPhone Duo-ның нарыққа шығуы Apple-дің жаңа құрылғысын сатып алуға қажет айлық жалақы санын қайта арттыруы мүмкін.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz