Бүгін халықты еңбекпен қамту жүйесі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Енді жұмыс іздеушіге лайықты қызмет табуға 2 күн емес, 13 күн беріледі, деп хабарлайды «24KZ».
Осы уақыт ішінде мамандар азаматтың тәжірибесі мен дағдыларын саралап, соған сай бос орындарды іздейді.
Жанар Қайырбек жақында сәулетші мамандығын меңгерген. Үш айдан бері өз саласы бойынша жұмыс іздеп жүрген жас маман көмек алу үшін мансап орталығына жүгінді.
Жанар Қайырбек, қала тұрғыны:
- Архитектура мамандығы бойынша жұмыс табу қиын. Грант көп болғандықтан көбісі түсе бастаған шығар деп ойлаймын. Бос жұмыс орындары көп емес. «Бар болса да тәжірибесіз алмаймыз», - дейді. Жұмыс табу кішкене қиындап кетті.
Енді мансап орталықтары жұмыс іздеушілерге жаңа тәсілмен қызмет көрсетеді.
Дариға Ташенова, тілші:
- Мансап орталығына келген азамат енді бірден жұмыссыз ретінде тіркелмейді. Мамандар алдымен оның тәжірибесі мен дағдыларын саралап, лайықты жұмыс табуға көмектеседі. Яғни 13 күн - жай күту мерзімі емес, азаматты нақты жұмысқа орналастыруға бағытталған уақыт.
Осы кезеңде мамандар азаматтың кәсіби профиліне сай келетін бос орындарды қарастырады. Негізгі мақсат – оны жұмыссыз ретінде тіркеу емес, тұрақты табыс көзіне шығару.
Аманбол Амангелдин, аудандық Мансап орталығының директоры:
- Күніне 100 адам келеді. Электронды кезектен көреміз. Басым көпшілігі жұмыссыз ретінде тіркелу үшін келеді. Жұмысынан айырылады. Сосын жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу үшін келеді. Біз оларға жұмыс қарастырамыз. Бір жағынан осы, 13 күн мерзім болғаны бізге, мансап орталығының мамандарына көп мүмкіндік береді. Жәрдемақыдан гөрі 13 күнде біз оған лайықты жұмыс табамыз. Жәрдемақы ол уақытша дүние.
Бұл ретте 13 күндік мерзім әлеуметтік төлем алуға кедергі болмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыссыз қалған азаматтарға тиесілі әлеуметтік төлемдер қолданыстағы тәртіп бойынша беріледі.
Анар Хангереева, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
- Заңнамада көзделген талаптарға сәйкес мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Мысалы, азаматтың белгілі бір жұмысқа орналасуы үшін қажетті білімі немесе дағдысы жеткіліксіз болса, мансап орталығы оны кәсіптік оқытуға, қайта даярлауға немесе біліктілігін арттыру курстарына бағыттай алады. Сондай-ақ жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы бар азаматтарға тиісті әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл төлемнің соңғы 24 ай ішінде әлеуметтік аудандағы жүргізілген, яғни ресми жұмыс істеген азаматтарға берілетінін атап өткен жөн.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері елордада мансап орталықтары арқылы 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, тұрғындар қоғамдық жұмыстарға, жастар тәжірибесіне және «Күміс жас» жобасына тартылды.
Авторлары: Дариға Ташенова, Досбол Байдильдин, Самат Сулейманов
Тегтер #24KZ #жұмыспен қамту #өзгерістер #Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz