Ақтауда масаң күйде көлік жүргізген әйел жалған анықтама арқылы 15 күндік қамаудан қашып құтылмақ болған. Алайда прокуратура бұл айланы әшкерелеп әйелді темір торға тоғытты, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға барысында патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарған қала тұрғынын ұстап, әкімшілік хаттама толтырған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, бұл заңбұзушылық үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алайда істі қарау кезінде құқық бұзушы сотқа жүктілік туралы жалған дәрігерлік анықтама ұсынған. Осы құжатқа сүйенген сот оны қамақтан босатып, тек 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын ғана қалдырған.
Ақтау қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде бұл медициналық анықтаманың қолдан жасалғаны анықталды. Прокурордың қадағалау актісі мен өтінішхаты негізінде Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгертіп, құқық бұзушыға 15 тәулік әкімшілік қамақ жазасы толық көлемде тағайындалды.
Бұдан бөлек, ресми құжатты қолдан жасау және оны пайдалану фактісі бойынша медицина қызметкері мен құқық бұзушы азаматшаға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары көлікті мас күйде басқару қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертіп, азаматтарды заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz