Петропавлдық 79 жастағы қария Геннадий Языков көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды өмірінің бір бөлшегіне айналдырған.
Белсенді ерікті күн сайын кемінде үш тұрғынның тұрмыстық шаруасына көмектеседі. Біріне азық-түлік әкелсе, енді бірінің үй шаруасына жәрдемдеседі. Ізгі ісімен көпке үлгі болған қарияны қалада танымайтын адам кемде-кем. Геннадий Языков 2020 жылы «Күміс волонтерлер» қоғамдық бірлестігіне қосылған.
Геннадий Назарович үшін ерікті болу жүрек қалауы. Қарттың қолынан келмейтіні жоқ. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандардың үйіне көмекке келеді. Көбіне сынған дүниені жөндейді. Ауыр заттарын көтеріп, отындарын бұтайды. Бұны қала тұрғыны Әсия Сафина да растайды.
Әсия Сафина, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Геннадий маған әрдайым көмектеседі. Қолы алтын. Осыған дейін көмірімді кіргізіп берді, пеш салды. Маңайды тазалау жұмыстарымен де айналысты. Хабарлассам құрал-саймандарын ұстап, бірден келеді. Алғысым шексіз.
Ардагер құрылыс саласында жарты ғасырдан астам еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң қол қусырып отыра алмады. «Күміс волонтерлер» қоғамдық бірлестігінің қатарына қосылды. Әлеуметтік жұмыстарға белсене араласады.
Геннадий Языков, Петропавл қаласының тұрғыны:
- «Таза Қазақстан» акциясына қатысамын. Қаламыз әдемі болсын деп бес ағаш ектім. Жалғызбасты қарттардың ауласын тазартамын. Шөбін орамын. Бұл менің күнделікті тірлігім. Қолдан келген көмекті аямаймын. Жақсылық жауапсыз қалмайды. Сондықтан аянып қалмаймын.
Геннадий Языковпен кез келген қала тұрғыны байланыса алады. Ол номерін адамдарға үнемі таратады. Осылайша сексеннің сеңгіріне шыққан қария жақсылық жасауға жас кедергі емес екенін дәлелдеп жүр.
Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #Петропавл #қария #волонтер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz