«Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы еңбек нарығында сирек кездесетін мамандық иелеріне сұранысты арттырды.
Мәселен, ақтөбеліктер ландшафт дизайнерлерін іздейді. Өйткені аула мен қоғамдық орындарды жасыл желекке бөлеу, көркейтуді білікті мамандар ойластырған жөн.
Сосын, тазалықтың артында сән-сәулетке мән беру де абзал. Өңірде өткен «Менің Ақтөбем» байқауында сәулет пен көркемдікті ұштастыра білген аулалар үздік шықты.
Сақтаған Бәйішев көшесіндегі көпқабатты бұл үйдің ауласында тал-теректің 300-ден астам түрі бар. Жылдың жылы мезгілінде гүлзарлар түрлі-түсті өсімдіктермен көмкеріліп тұрады. Бұл тұрғындардың ауызбіршілігі мен қажырлы еңбегінің жемісі. Ауланы абаттандыруға ойын балаларынан бастап еңкейген қарияларға дейін белсенді атсалысады. Жайқалған ағашы мен көз тартар гүлі құлпырған үйдің тұрғындары биыл «Менің Ақтөбем» байқауына қатысып жүлдегер атанған.
Ботагөз Смағұлова, қала тұрғыны:
- Біз балаларымыздың таза ауамен тыныстап, салауатты өмір сүріп, табиғатқа ұқыпты қарағанын қалаймыз. Сондықтан балаларғма кішкене күнінен «ағашты сындырмаңдар, қоқыс тастамаңдар», – деп үйретіп келеміз. Табиғатқа, өз ауласына, еліне деген сүйіспеншілігі бар ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Балаларымыз гүл өсіріп, ағаш егуге белсене қатысады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Менің Ақтөбем» байқауына биыл 59 өтінім түскен. Ауласын ерекше абаттандырған көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпорындар бақ сынады.
Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Осы жылы жас отбасылар өте көп қатысты. Түрлі, біздің елімізде өспейтін шетелдік гүлдер мен талдарды алып, өздерінің аулаларына егіп, ландшафт дизайнерлерін жалдап жатыр. Сонымен қатар абаттандырумен айналысатын жеке кәсіпкерлерге барып, талдардың түрлерін, гүлдерді алып, бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі таңда кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар балаларды да тартып, осындай әдемі орта қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Балалар да қазір өз тарапынан осы іске белсенді атсалысып жатыр.
Тұрғындардың соңғы жылдары білікті мамандарға жиі иек артатынын Дана Лиева-Подогригорова да мойындайды. Ландшафт дизейнері кеңістіктердің үйлесімін тауып, табиғат пен сәулетті үндестіреді. Білікті маман жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясының оң әсерін атап өтті. Себебі экологиялық бастамаға атсалысқан ақтөбеліктер аулаларды абаттандырып қана қоймай, қоршаған ортамен ұштастыруға тырысатынын айтады.
Дана Лиева-Подопригорова, ландшафт дизайнері:
- Адамдардың қызығушылығы күн санап артып келеді. Егер бұрын тұрғындардың көпшілігі бұл саладан мүлдем бейхабар болса, қазір талап-тілектерін айтып, өз ұсыныстарын білдіріп жатады. Негізінен жеке аулаларды абаттандырамыз. Бірақ соңғы жылдары көпқабатты үйлердің тұрғындары да хабарласып, өтініш білдіріп жүр. Тек ауланың ішін ғана емес, сонымен қатар көше бойын да безендіруді өтініп келетіні қуантады. Құрылыс компаниялары да бізге жиі жүгінеді.
Жалпы облыс орталығын абаттандыруға жеке кәсіпкерлер де үлес қосып отыр. Мәселен биыл демеушілер 26 саябақ пен скверді жөндеп, халық игілігіне тапсырды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев
Тегтер #Таза Қазақстан #ландшафт #жасыл желек #АқтөбеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz