RU
Толық нұсқаға өту

Елде жаңа туристік бағыттар дамып жатыр

02.10.2026, 08:27 52

Біздің ел де ішкі туризмді дамытып келеді. Кейінгі 7 жылда саяхатшылар саны 4,5 млн-нан 8,5 млн адамға дейін өскен.

Ал Қазақстанға шетелден келге қонақ саны 16 млн-ға жетті. Тауға шығам дейсің бе? Жоқ, жағажайды таңдайсың ба? Ауылда сейіл құрасың ба? Тарихи-мәдени мекендерді аралайсың ба? Қысқасы, біздің елге келетін туристе арман жоқ шығар. Туризм 6 бағыт бойынша дамып келеді. Кейінгі жылдары оқиғалы және спорттық туризмді ілгерілетуге көңіл бөліне бастады. Ірі концерттер, фестивальдер мен халықаралық спорттық жарыстар жалпы туристік индустрияға серпін бергені рас. Осы ретте Қазақстан халықаралық оқиғалы туризм қауымдастығымен байланыс орнатты. Демек бұл бағыттың да болашағы зор. 

Базарбек Қамысбаев, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының департамент директоры:

- Турист концерттің билетін алып қана қоймай, қонақ үйде тұрады, такси қызметін пайдаланады, қосымша экскурсияларға қатысады. Сондықтан мұндай туристің орташа чегі, яғни жұмсайтын қаржысы көбірек болады. Мысалы, MasterCard деректері бойынша, Астанадағы турист күніне 230 доллар қаржы жұмсайды. Яғни бұл турист кем дегенде 3 күн аялдайды десек, бір турист қалада 690 доллар қалдырады.

Ал Алматыда тау туризмі жанданады. Бұл да экономикалық тұрғыда оңтайлы бағыт. Халықаралық өлшемге салсақ, тау шаңғысы туристері тәулігіне орта есеппен 300-400 еуро жұмсайды. Мұндағы ірі жоба – Almaty Super Ski курорты. Мұнда жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын тау шаңғы трассалары салынады. «Kazakh Tourism Development» АҚ-ның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев нысанның экологияға зияны болмайды деп сендірді.

Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism Development» АҚ бас атқарушы директоры:

- Тау шаңғы тебуді жаңадан бастаған туристерге өте ыңғайлы трассалардың көк және жасыл деңгейлі трассалар, екіншіден жалпы Көкжайлау трассасы 11 аспалы жолдан тұрады, ол көп емес. Мысалы, Италиямен салыстырсақ, SuperSki курортындағы аспалы жолдың саны 400-ден астам, бізде 11 ғана, демек табиғатқа ешқандай кері әсері болмайды.

Айтпақшы, трассалардың 70 пайызы жасанды қар жүйесімен жабдықталады. Демек мұндағы шаңғы маусымы қазан айында бастауға болады. Тек әзір емес, жоспарға сай курорт алғашқы туристерін 2028 жылдың аяғында қабылдайды. Иә, туризм туристік қызмет көрсетумен шектелмейді. Бұл – инфрақұрылым, көлік қолжетімділігі, инвестиция, маман дайындау және цифрландыруды қамтитын кешенді сала. Ал мемлекеттің міндеті - туризмдегі өсімді нақты жобаларға, жаңа нысандарға, жұмыс орындарына және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағыттау.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz