RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында бүйрек трансплантациясына мұқтаж 120 тұрғын бар

02.10.2026, 08:55 46

Биыл олардың төртеуіне ағза ауыстырып салу отасы жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, операциядан кейін науқастардың жағдайы тұрақты.

Қазір олар біртіндеп қалыпты өмірге оралып келеді. Өңірдегі трансплантация жұмысы мен донорлық мәселесін әріптесім Рүстем Қайратұлы тарқатады.

Естай Мұратайдың денсаулығындағы кінәрат бастауыш сыныпта-ақ байқалған. Былтыр мамыр айында жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер анасына оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы бүйрек трансплантациясы екенін айтты. Кейін жасөспірімге Астана қаласында ота жасалды.

Әйгерім Құйқабаева, қала тұрғыны:

- Наурыз айында Салтанат Сағындыққызы хабарласты. «Балаға осылай трансплантация жасаймыз», - деді. Содан кейін тәубе, қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Операциядан кейін бәрібір ауырсыну болады. Бірақ тағы да Астанаға барамыз. 

Естай Мұратай, қала тұрғыны:

- Бір жағынан, қорқыныш сезімі болды. Бір жағынан, қуандым да, қорықтым да. Болашақта колледжға IT мамандығына түсемін бе деген ойым бар.

Бүйрек трансплантациясынан өткендердің бірі – 31 жастағы Полина Зверева. 2024 жылы оған бүйрек жеткіліксіздігінің бесінші сатысы диагнозы қойылған. Екі жылға жуық уақыт бойы гемодиализ қабылдаған Полинаға туған анасы донор болды.

Полина Зверева, Жезкент кентінің тұрғыны:

- Екі бүйрегім де істен шыққан, бірақ олар арқылы қан айналымы әлі де жүріп тұр. Ал гемодиализдегі науқастардың бүйрегінде қан айналымы болмайды. Менде болса, қан айналымы сақталған. Қазір менің үш бүйрегім бар. Денсаулығымды айтсам, қазір өзімді керемет сезінемін.

Облыста ағза трансплантациясына мұқтаж 134 адам бар. Олардың арасында туыстарынан донор табылмаған науқастар да аз емес. Сондықтан бұл адамдар үшін қайтыс болғаннан кейінгі донорлық — өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін жалғыз жол.

Ғалия Әлібаева, өңірлік трансплант үйлестірушісі:

- Ми өлімі диагнозы қойылған пациент қайтыс болғаннан кейінгі донор бола алады. Халықаралық стандарттарға сәйкес ми өлімі биологиялық өліммен теңестіріледі. Трансплантация Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында жүргізіледі.

Еуропалық донор күні қарсаңында Семейде дәрігерлер Ашық есік күнін өткізді. Мамандар тұрғындарға ағза трансплантациясының маңызы мен донор болу тәртібін түсіндірді. Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша 4 мыңға жуық адам ағза трансплантациясына мұқтаж.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz