RU
Толық нұсқаға өту

“Педагог мәртебесі туралы” заңға жеті жыл: қазақстандық мұғалімнің жағдайы қалай өзгерді?

02.10.2026, 09:52 57

Желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына жеті жыл толады. Осы уақыт ішінде қазақстандық мұғалім үшін шын мәнінде не өзгерді?

Бақытымызға қарай, аз жұмыс атқарылған жоқ. 2019 жылы мәселелер нақты еді: еңбекақының төмендігі, есептіліктің шамадан тыс көптігі және педагогке тән емес жұмыстар. Мұғалімдер балаларды оқыту мен тәрбиелеуге тікелей қатысы жоқ түрлі міндеттерге тартылатын.

Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, 2020 жылдан бері педагогтердің жалақысы жиынтық түрде 100%-ға өсті. Біліктілік санаты, тәлімгерлік, академиялық дәреже және басқа да жұмыс түрлері үшін қосымша төлемдер енгізіліп, олардың ауқымы кеңейді.

Педагог мәртебесі туралы сөз қозғағанда, көбіне мектеп мұғалімін елестетеміз. Алайда заң мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының, арнайы және мамандандырылған ұйымдардың, әдістемелік кабинеттер мен орталықтардың педагогтеріне де қолданылады.

Сонымен қатар мектеп мұғалімдері – педагогтердің ең үлкен тобы, ал мектеп мамандық мәртебесіндегі өзгерістер ерекше байқалатын білім беру жүйесінің бөлігі болып қала береді.

Сандар не дейді?

2025 жылы ЭЫДҰ мұғалімдер мен мектеп басшыларының еңбек жағдайын зерттейтін халықаралық TALIS 2024 зерттеуінің нәтижелерін жариялады.

Қазақстандық мұғалімдердің 82%-ы өз мамандығын қоғам бағалайды деп санайды. ЭЫДҰ елдерінде орта есеппен бұл көрсеткіш 22%-ды құрайды. 2018 жылдан бері Қазақстанның көрсеткіші 18 пайыздық тармаққа өсті. Мұғалімдердің 71%-ы жалақысына риза, салыстыру үшін алты жыл бұрын бұл көрсеткіш 39% болған. Жалпы алғанда, педагогтердің 95%-ы жұмысына қанағаттанатынын айтса, еңбек жолын енді бастаған мұғалімдердің 78%-ы ұстаздық олардың алғашқы кәсіби таңдауы болғанын атап өткен.

Соған қарамастан, ел ішінде біз әлі де бұл мамандық туралы он жыл бұрынғы түсініктермен жиі айтамыз: беделі төмен, жастар мектепке барғысы келмейді, мұғалімдер наразы. Болған өзгерістерді байқамау әділетсіз болар еді. Бірақ шешілмей қалған мәселелерді де көру маңызды.

Педагогті заңмен қорғай бастады

«Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдерді өзіне тән емес жұмыстарға тартуға, артық есептілік талап етуге, заңда көзделмеген тексерулер жүргізуге және тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салды.

2026 жылғы маусымда бір құжатты бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізуді талап етуге де жеке тыйым салынды. Бұл талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Баланың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершіліктің шегі де нақтыланды: педагог немесе білім беру ұйымының басшысы кәсіби міндеттерін орындау кезінде білім алушылармен болған оқиғалар үшін жауап береді.

«Білім туралы» заңда да маңызды норма пайда болды: ата-аналар педагогтің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге міндетті.

2026 жылғы қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың педагогтермен мессенджерлер арқылы қарым-қатынас жасау ережелері туралы мәселені де көтерді.

Біз мұғалімге кешкі уақытта үй тапсырмасы немесе баға туралы жазуға, ал демалыс күні дүйсенбіге не алып келу керектігін сұрауға үйреніп қалғанбыз. Бірақ ата-ана мен мектептің өзара байланысы педагог тәулік бойы қолжетімді болуы керек дегенді білдірмейді.

Құқықтарды ережелерде бекітуге, тіпті заңға өзгерістер енгізуге болады. Ал жүйенің ішіндегі қарым-қатынасты өзгерту әлдеқайда қиын.

Мектепте мұғалім – келін емес

Жұмыс істеген жылдарымда және өңірлерге сапарлар барысында түрлі мектептерді көруге тура келді. Мен мықты ұжымдарды, тың идеялар ұсынып, кәсіби пікірін қорғай білетін жас мұғалімдерді кездестірдім. Бірақ қарым-қатынастың басқа мәдениеті де кездеседі.

Кейбір ұжымдарда кәсіби және отбасылық өмір бір-бірімен тығыз араласып кеткен. Педагог әріптестерінің біріне келін болуы мүмкін және осы рөлмен бірге мектепке отбасылық салттар, міндеттер мен қалыптасқан иерархия да көшіп келеді.

Дәстүрдің өзінде ешқандай жамандық жоқ. Бірақ мектеп – басқа кеңістік. Білім беру ұйымының ішінде мұғалім – келін емес. Ол – педагог. Кәсіби маман. Мұнда кімнің кімге туыс екені немесе отбасылық иерархияда кімнің жасы үлкен екені маңызды болмауы тиіс.

 

Жас мұғалімнің қандай да бір тақырыпты директордан жақсы білуі де – қалыпты жағдай. Сұрақ қою, дәлел келтіріп келіспеу және басқа тәсіл ұсыну да қалыпты.

 

Сенім бар. Дербестік аздау

TALIS деректеріне сәйкес, қазақстандық педагогтердің 95%-ы директор өз мектебіндегі мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігіне сенетінін айтады. 93%-ы басшының ұжыммен қарым-қатынасын оң бағалайды. 90%-ы әріптестеріне арқа сүйей алатынын атап өткен.

Сонымен бірге қазақстандық мұғалімдер ЭЫДҰ елдеріндегі әріптестерімен салыстырғанда сабақ беруде дербестігі аз екенін айтады, ал мектеп басшылары педагогтердің оқу бағдарламасына, оқытуға және мектеп саясатына қатысты шешімдерге қатысуы шектеулірек екенін көрсетеді.

Нәтижесінде қарама-қайшылық туындайды: сенім мен жұмысқа қанағаттану деңгейі жоғары болғанымен, дербес кәсіби шешім қабылдау кеңістігін әлі де ұлғайтуға болады.

Қазіргі сыныптың құрылымы соншалықты күрделі, мұғалімнің әр әрекетін жоғарыдан берілген нұсқаулықпен сипаттау мүмкін емес. Бір сыныпта дайындық деңгейі, тілдік ортасы, оқу қарқыны және білім алу қажеттіліктері әртүрлі балалар отыруы мүмкін.

Ешбір министрлік осындай әрбір жағдайға жеке нұсқаулық жазып бере алмайды. Белгілі бір сәтте жүйе мұғалімге: «Біз сені дайындадық, саған жоғары талап қоямыз және дәл сол себепті сенің кәсіби шешіміңе сенеміз», – деуі керек.

 

Мамандық болашақ педагогтерді қалай қарсы алады?

Жас мұғалімдерді жоғалтып алмау маңызды. Ресми түрде жүйеде тәлімгерлік қарастырылған: орта білім беру ұйымында алғаш рет жұмысқа кіріскен педагогке бір оқу жылына тәлімгер бекітіледі. Арнайы ережелер бар, ал тәлімгерге бұл жұмысы үшін қосымша ақы төленеді.

Бұл – дұрыс норма. Бірақ мамандыққа бейімделу тәлімгерді бұйрықпен тағайындаумен ғана шектелмейді. Жас педагог алғашқы айлардың өзінде көп нәрсені түсінеді: оған қандай сыныптар берілді, сабақ кестесінде қанша «терезе» бар, қосымша міндеттер кімге жүктеледі. Және сәтсіз өткен сабақтан кейін барып: «Менің қолымнан келмеді», – деп айта алатын адамы бар ма?

Егер ұжымда «сен жассың, демек қалғанын сен аласың» деген қағида жүрсе, ешқандай формалды тәлімгерлік оның орнын толтыра алмайды.

Осы тұста біз қайтадан мәртебе мәселесіне ораламыз. Бірақ бұл жолы қоғамның, мемлекеттің немесе ата-аналардың көзіндегі емес, педагогтердің өз арасындағы мәртебе туралы сөз болып отыр.

Бұл TALIS-тің басқа деректерінің аясында ерекше байқалады. Бір жағынан, Қазақстандағы жас мұғалімдердің 78%-ы ұстаздық олардың алғашқы кәсіби таңдауы болғанын айтады. Екінші жағынан, 30 жасқа дейінгі мұғалімдердің 22%-ы алдағы бес жылда мамандықтан кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш – 20%.

Сондықтан жас маманды мектепке әкелу жеткіліксіз. Оны сол жерде дұрыс қарсы алу да маңызды.

 

Тәлімгерлік кәсіби ортаға бейімдеуді білдіруі тиіс. Кейде ұжымның ең жас мүшесіне деген қарым-қатынас ұйымның мәдениеті туралы педагог мәртебесіне қатысты кез келген құжаттан көбірек нәрсе айтады.

Жұмыс жеңілдеген жоқ. Жұмыстың сипаты өзгерді

TALIS деректеріне сәйкес, қазақстандық мұғалімдер стресстің кең таралған себептері ретінде оқушылардың нәтижелері үшін жауапкершілікті – 29%, тәртіп мәселелерін – 28% және әкімшілік жұмысты – 25% атайды.

Бүгінде өз пәніңді білу ғана жеткіліксіз. Әртүрлі балалармен жұмыс істеу, кері байланыс беру, функционалдық сауаттылықты дамыту, отбасымен қарым-қатынас орнату, білім алушылардың жеке білім беру қажеттіліктерін ескеру және цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұған енді жасанды интеллект те қосылды.

Сондықтан есептілікті азайтудың өзі мәселені толық шешпейді. Педагогке кәсіби қолдау қажет: жақсы тәлімгер, мықты әдіскер, әріптесінің жұмысын көру мүмкіндігі, күрделі жағдайды бірге талқылап, шешім табу.

Келесі кезең күрделірек

Қазақстан алғашқы үлкен кезеңнен өтті. Еңбекақы өсті, жеке заң қабылданды, педагогке тән емес жұмыстар мен артық есептілікке шектеу қойылды, педагог жауапкершілігінің шекарасы нақтылана түсті.

29 қыркүйекте жарияланған Education at a Glance 2026 баяндамасында ЭЫДҰ мамандықты тек еңбекақы мен еңбек жағдайын жақсарту арқылы тартымды ету жеткіліксіз екенін бөлек атап өтеді. Мұғалімдердің жұмысына қанағаттануына оқушылармен, ата-аналармен және басшылармен қарым-қатынас, мектептегі ахуал, кәсіби дербестік және қоғамның мойындауы әсер етеді.

Сондықтан келесі кезең – кәсіби мәдениетпен жұмыс істеу. Мұғалімнің пікірі, бастамасы мен құзыреттілігі қаншалықты бағаланады? Жас маманды қалай қарсы алады? Жұмыс пен жеке өмірдің шекарасы қай жерден өтеді? Жүйеде педагогтерге деген сенім жеткілікті ме?

Бірнеше жыл бұрын Қазақстан үшін мұғалімді өзіне тән емес жұмыстан, артық есептіліктен және еңбегінің төмен бағалануынан қорғау маңызды болды. Бүгінде әрі қарай жылжитын уақыт келді – педагогті қорғап қана қоймай, оған сенім арту қажет.

Кез келген білім беру реформасы мен баланың арасында әрдайым нақты бір адам – мұғалім тұрады. Нағыз мәртебе біз оны ыңғайлы орындаушы емес, кәсіби маман ретінде көрген кезде басталады.

Автор: Жазира Асанова, Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz