АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен алпауыт компаниялар қол қойған «Суперинтеллект келісімі» жаһандық үлгіге айналуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық форумында осылай деді. Қазірдің өзінде елімізді толық цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Ал нақты суперинтеллект дәуіріне көшуге Қазақстанның дайындығы қандай?
Әлем цифрлық кезеңге қадам басты. Технологиялық алпауыт елдердің қатарында Қазақстан да бар. Еліміз қазірдің өзінде Орталық Азияның негізгі цифрлық хабтарының біріне айналды. Былтыр отандық Айти-қызметтердің экспорты 1 млрд доллардан асты. Ал цифрлық шешімдерімізді жаһанның 100-ден астам елі белсенді қолданып жатыр. «Десе де инновацияларды реттеуде теңгерімді сақтау үдерісі қатаң бақылануы керек, алайда шектен тыс болмауға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда цифрлық трансформацияның базалық құқықтық негізі қалыптастып үлгергенін атап өткім келеді. Бүгінде Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Дегенмен бұл ретте тексерілген институционалдық теңгерім мен тәуекелге бағдарланған тәсіл қажет. Жалпы болашағы зор командалар мен әзірлемелер өзге юрисдикцияларға кетіп қалатындай дәрежеде шектеп, салаға тұсау салмауымыз керек. Азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары және мүдделері бар жерде талап қатаң, бірақ шектен тыс болмауы қажет. Осы қарапайым қағиданы ұстанған абзал.
Жасанды интеллектінің барлық салаға дендеп енгені мәлім. Алайда ондағы тәуекел мен жауапкершілікті ұмытпаған абзал. Мемлекет басшысы осыған баса назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жуырдағы АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен бірнеше алпауыт компаниялар қол қойған суперинтеллектке қатысты құжаттың маңызы зор», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болады.
Қазір жасанды интеллект ғылымның ғана емес, әлем экономикасының да қозғаушы күшіне айналды. «Ал суперинтеллектке қатысты келісім жаһандық үлгіге айналуы әбден мүмкін», - деді Президент.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Президенттің суперинтеллектке қатысты мәселені жаһандық деңгейге көтеруі – осы бағытқа қатысатын барлық мемлекеттердің мүмкіндігін арттыратын қадам. Қазақстан тек өз мүддесін ойлап отырған жоқ. Президент осы арқылы жаһандану үдерісіндегі мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды бір жүйеге келтіруді көздеп отыр. Бұл бізге қосымша инвестициялардың тартылуына мүмкіндік береді. Ендігі жерде суперинтеллект пен жасанды интеллект технологиялары сайып келгенде Қазақстанның жаңа нарықтарға, соның ішінде әлемдік нарыққа шығуына, көшбасшы мемлекеттермен иық тірестіре қатар дамуына мүмкіндік береді.
Технологиялық серпіліс тиісті кадрларсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Сондықтан елімізде «AI+X» моделіне негізделген университет ашылды. Отандық ғалымдар мен әзірлеушілерді қолдау күшейді, зертханалар жабдықталды. Демек Қазақстан суперинтеллект дәуіріне тек заңнамалық емес, инфрақұрылымдық тұрғыдан да дайын деп нық айтуға болады. Ендігі мақсат – шетелдік серіктестермен бір бағытта қауіпсіз әрі тиімді технологиялық болашақты құру.
Авторлары: Альмира Оразбай, Досбол Байдильдин
Тегтер #АҚШ #президент #Трамп #суперинтеллект
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz