Алматыда елдегі алғашқы кинематографиялық саябақ құрылысының бірінші кезеңі басталды. «Қазақфильм» киностудиясының аумағында ашылатын қоғамдық кеңістік Қазақстан киносының тарихына арналады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бостандық ауданының әкімі Азамат Қылдыбеков хабарлады. Ауданда өзге де әлеуметтік және қалалық инфрақұрылымды жаңарту жұмысы жалғасуда.
Негізгі жобаның бірі – №73 мектепті кеңейту. Биылғы оқу жылында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 450 орындық қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Бағанашыл шағын ауданында Балаларды қолдау орталығы салынып жатыр. Ауданда инженерлік желілер мен жол инфрақұрылымын жөндеу жұмысы жалғасуда.
Азамат Қалдыбеков, Бостандық ауданының әкімі:
- Тұрғындардың «ауданның барлық жерін қазып тастапты, бұл қашан бітеді» деп наразы болуы әбден орынды. Бірақ мәселенің мәнісіне тура қарауымыз керек. Жердің астында 40 жылдан бері жаңартылмаған ескі құбыр жатса, мың жерден қымбат асфальт төселгенмен еш пайда жоқ. Сондықтан биыл жазда қиындық көп болса да инженерлік желілерді жөндеу жұмыстарын қолға алдық.
Бостандық ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 13 жоба жүзеге асып жатыр. Ал «Қазақфильм» шағын ауданында елдегі алғашқы кинематографиялық саябақтың бірінші кезеңі басталды. Жаңа жобалардың тағы бірі – Масаншы көшесінің бойындағы алғашқы гастрономиялық көше. Мұнда ұзындығы 413 метр болатын жартылай жаяу жүргіншілер кеңістігі ашылды. Жоба алдағы уақытта да жалғасын табады.
Азамат Қалдыбеков, Бостандық ауданының әкімі:
- Біз ұсыныс беріп жатырмыз. Қазір біз Біржан деген көшені көздеп отырмыз. Орбита ықшам ауданында Мұстафин мен Науаи көшелерін қосатын Біржан деген көше. Яғни кеңістігі, ауласы бар көше. Сол көшені қарастырып жатырмыз. Бұл жоба тоқтамайды, осындай жобалар қалаға керек.
Тұрғын үйлердің қасбетінің жаңартылуы қаланың эстетикалық келбетін арттырғанын да айта кету керек. Аудан әкімдігінің тапсырысы бойынша 16 үйдің қасбеті жөнделді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #24KZ #Алматы #көркейту жұмыстары #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz