Қонаев қаласының тұрғындары қала күнін атап өтті.
Осы айтулы мерекеге орай шаһарда 21 қыркүйектен бері 30 шақты іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде танымдық, спорттық жарыстар, жастар арасында тақырыптық пікірталас алаңдары ұйымдастырылып, тазалық акциясы мен қайырымдылық іс-шаралары да өтті.
Алматы облысының әкімшілік орталығына айналған 4 жыл ішінде Іле өзенінің жағасында орналасқан Қонаев қаласы айтарлықтай өзгерді. Жыл басынан бері 30,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 17 млрд теңгеге жеткен. Облыс орталығы құрылғалы 80 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, 50 жаңа аялдама орнатылды. Көшпенділер қалашығына апаратын 6,8 шақырымдық тас жол төселіп, ауыз су, жылу және кәріз желілері жаңартылып жатыр.
Асхат Бердіханов, Қонаев қаласының әкімі:
- Қазіргі таңда бізде кешенді даму жоспары бойынша 187 жобалық смета әзірленуде. Оның қаражат есебі 1,9 трлн теңге. Оның ішінде әлеумет саласындағы ғимараттар, инфрақұрылым желілері, абаттандыру мәселелері бар. Оның барлығы кезең-кезеңімен жасалынып жатыр. Баршаңызды қала күнімен құттықтаймын!
2021 жылдан бері Қонаевтағы халық саны 1,5 есе өсіп, 67 мың адамға жетті. Бас жоспарға, сәйкес, 20 жылдан соң қалада 200 мың адам тұрады деген болжам бар.
БЛИЦ:
- Бүгінгі қала күнімен шын жүректен құттықтаймын. Немеремді алып, қыдырып келдім. Біздің Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы бері керемет өзгерістер болып жатыр. Күннен күнге дамып жатыр. Көркейіп, жасарып жатыр.
- Қонаев қаласының күніне орай атқарылып жатқан концерт өте жақсы өтуде. Тұрғындары, біз қуаныштымыз. Қонаев қаласы өркендей берсін!
Қала күніне арналған мерекелік шараға жиналған көпшілік жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады. Соңы отшашуға ұласты.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Алматы облысы #Қонаев #қала күні #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz