Шымкентте атмосфераға бөлінген өнеркәсіптік қалдықтар көлемі соңғы үш жылда бір жарым есе өскен.
Мұны тұрғындар да байқап жүр. Қолқаны қабатын иіске жиі шағымданады. Ахуалды түзеу үшін экология департаменті мамандары өңірдегі өндіріс орындарына тексеріс жүргізді. Сөйтіп, шығарындылары көп кәсіпорын басшыларына жарты миллиард теңге айыппұл салды.
Ал жергілікті билік жанынан заң бұзушылықты жою үшін бақылау жұмыстарын күшейтетін арнайы комиссия құрылды.
Өңірде қоршаған ортаға әсер ету деңгейі жоғары 43 өндіріс орны бар. Сонымен қатар тағы 150-ге жуық кәсіпорында құрылыс пен инертті материалдар, тұрмыстық химия мен тамақ өнімдерін өндіру кезінде экоахуалға орташа дәрежеде зиян келтіріледі. Тұрғындар тарапы жағымсыз иіске шағымданып, экологиялық бақылауды күшейту туралы мәселе көтерді.
Берік Құрбанов, қала прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:
- Қазіргі уақытта «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы қала тұрғындарынан көптеген шағым түсіп жатыр. Әсіресе ластану фактілерін айтып, соны растайтын фотосуреттерді қоса тіркеп жатыр.
Ауаның ластануына зауыт-фабрикалардың көбейіп, жаңа индустриялық аймақтардың ашылуы себеп. Ескі автокөліктен бөлінетін уытты газдар да едәуір әсер етеді. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жылда атмосфераға бөлінген зиянды қалдықтардың көлемі 31 мыңнан 47 мың тоннаға дейін артқаны анықталды. Тексеру қорытындысымен 64 әкімшілік іс қозғалды.
Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:
- Жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті 37 тексеру өткізді. Тексеру қорытындысымен 505 млн теңгеден аса айыппұл салынып, қазіргі таңда 281 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілді. Сонымен қатар өрескел заңбұзушылықтарды жасағаны үшін және рұқсат құжаттары болмағаны үшін 6 мекемеге қатысты сотқа жолданып, соттың шешімімен 6 мекеме әртүрлі уақыттарға тоқтатылды.
Қалада ауа сапасын бақылауға арналған алты бекет бар. Оның төртеуінде сынама қолмен алынса, қалғаны автоматтандырылған режимде жұмыс істейді. Енді демографиялық өсім мен өнеркәсіптің көбеюіне байланысты олардың орналасу аймағы да кеңейтіледі.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қалада ауа сапасын бақылауға арналған осындай автоматтандырылған бекеттердің санын 20-ға дейін арттыру ұсынылды. Экопосттар ең алдымен халық тығыз орналасқан және экологиялық ахуалы күрделі аудандарда көбейтіледі. Салаға жауаптылардың айтуынша, бұл тәуліктік мониторингті күшейтіп, атмосфералық ауаның ластануын алдын алуға мүмкіндік береді.
Экологиялық заңнама талаптарын қатаң сақтау мақсатында кеңейтілген кеңес ұйымдастырылды. Қала әкімінің төрағалығымен өзекті мәселе ортаға салынып, оның шешу жолдары талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша арнайы комиссия құрылып, қоғам белсенділері, құзырлы органдар мен тұрғындарды қамтитын мониториг жұмыстары күшейтілмек.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Қазіргі тұрған «Оңтүстік», бұрынғы шины, фосфорный зауыттардың тереториясы бәрі индустриалды зона болып кетті. Бірақ ол кезде қаланың сырты еді ол жақтың бәрі. Мәселе барын білеміз. Мен әкім ретінде осы мәселені шешуге тырысамын. Мен сіздердің жақтарыңыздамын. Себебі ондай болмау керек. Осы қалада барлығымыз тұрамыз.
Экологиялық комиссияға кәсіпорындардың жұмысын жіті бақылау үшін тәулік бойы тексеру жүргізуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар өндіріс пен санитарлық-қорғау аймақтарына қойылған талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жүктеледі. Бұл шаралар экоахуалды жақсартуға септігін тигізеді, дейді мамандар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #ауа сапасы #бақылау #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz