Атырауда тәулігіне 180 мың текше метр су беретін жаңа жүзбелі станцияның құрылысы аяқталып қалды. Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты қолданыстағы қондырғылардың қуаты жеткіліксіз болып отыр.
Қала көлемі ұлғайған сайын ауыз-суға сұраныс та артып жатыр. Құны 5,2 млрд теңге болатын жаңа кешен Атырау қаласы мен Мақат ауданын ауызсумен тұрақты қамтуға мүмкіндік береді.
Облыс орталығында әзірге ауызсудан таршылық жоқ. Алайда өткен ғасырдың 40-60 шы жылдары салынған мына 2 қондырғы бар болғаны 70 мың текше метр су бере алады. Сондықтан осы жаңа жоба қолға алынған болатын. Жүзбелі су станциясы «Атырау өзен порты» кәсіпорнының базасында жабдықталып жатыр. Ал бұл жерде құбыр тарту жұмыстары жүргізілуде. Негізгі монтаждау жұмысы 90 пайызға аяқталған.
Мерей Қасымов, «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» ЖШС учаске бастығының көмекшісі:
- Қазір негізінен монтаж жұмыстары жүріп жатыр. 4-5-ші су тазарту қондырғысын құбырға қосып жатырмыз. Көріп тұрсыздар, жаңа электр станциясы мен жаңа генератор қондырдық. Ол апатты жағдай болса, автоматты түрде іске қосылады. Жаңа станция толықтай автоматтандырылған Егер су жинайтын резервуарлар толып кетсе, станция өзі тоқтайды. Яғни тасып төгілу, су шығыны болмайды.
Станция қуатының артуына орай су құбырлары да кеңейтілетін болады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Диаметрі 620 және 1000 мм-лік мына құбырлар арқылы жүзбелі станциядан алынған су резервуарларға беріледі. Сол жерде тазартылып, сосын тұтынушыға жеткізіледі.
Жалпы құны 5,2 млрд теңге болатын жоба аясында облыс орталығының ауызсу проблемасы толық шешіледі. Ендігі мәселе – өзеннен алынған суды тазартып, тұтынушыға тарату. Осыған орай, «қала маңындағы 70 мыңнан астам тұрғыны бар 2 елді мекенде тәулігіне 33 мың текше метр суды тазалап, дайындайтын 2 қондырғы салынады», - дейді мамандар.
Мирас Ғатауов, қалалық Құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Еркінқала, Талғайраң елді мекендерінде ВОС, яғни су тазарту станцияларын салу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың тамыз айында Еркінқала және Талғайраң елді мекендеріндегі жобалар сараптамадан өтіп, оң қорытындысын алды. Қазіргі уақытта Үкіметтен қаржы сұрату жұмыстары жүргізілуде. Қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Облыс орталығының тұрғындары тәулігіне 120 мың текше метр су тұтынады. Әзірге бұл қажеттілікті қолданыстағы төрт су станциясы өтеп отыр. Алайда Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуінен жағалауға орнатылған сорғылардың құмға көміліп қалу қаупі бар. Енді бұл мәселе жаңа жүзбелі станцияның іске қосылуымен шешілмек. Ол Атырау қаласымен қатар, Мақат ауданын да ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #станция #Атырау #ЖайықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz