RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында қараусыз малдың кесірінен жол апаты көбейді

04.10.2026, 07:30 61

Жолдағы қауіптің бірі – қараусыз жүрген мал. Жыл басынан бері елімізде төрт түліктің кесірінен 200-ден аса жол апаты тіркелген, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл мәселе өткен аптада Үкімет отырысында да айтылып, жауаптыларға қауіпсіздік шараларын күшейту тапсырылды. Атырау облысының өзінде жыл басынан жүргізушілер төрт түлік малға соғылып, 10 жол апаты болған. Қазір өңірде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, түнгі патрульдеу жұмыстары жүргізілуде. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Республикалық маңызы бар Атырау-Ақтөбе тасжолының бойында жыл басынан бері 8 жол апаты тіркелген. Оқыс оқиғаның барлығында жүргізушілер төрт түлік малға соғылған. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 24 адам түрлі дене жарақатын алды. Сондықтан қазір тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздік шараларын күшейткен.

Жол бойында қараусыз жүрген малдан қауіп көп. Жүргізушілер мен мал иелеріне жауапкершілік те ортақ. Тәртіп сақшылары күре жолдың бойындағы ауыл тұрғындары мен шаруашылық иелерімен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қалбай Ақжігітов, Мұқыр ауылының тұрғыны:

- Бәріміз малмен күн көріп отырмыз. Қазір пенсиядамыз. Тәртіп болғаны жақсы. Тәртіп сақшылары да жұмысын жасап жатыр. Халық өзіміз кішкене түсінбейміз бе, қалай екенін білмеймін. Әйтеуір, кінә екі жақтан бірдей болуы керек. 

Тәртіп сақшылары жыл басынан бері жол бойында қараусыз жүрген төрт түлікті анықтап, 108 хаттама толтырған. Сонымен қатар жолдың күтіміне жауапты мекемемен бірлесіп, шаруаларға жарыққа шағылысатын арнайы ленталар таратуда. Республикалық маңызы бар жол бойында түнгі уақытта да патрульдеу жұмыстары жүргізіледі.

Руслан Байтенов, Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің бастығы:

- Қауіпті учаскелер деген – Мұқыр, Кенбай ауылы, Жамансор ауылы және мына Сағыз ауылына қатынасатын жер. Осы төрт жерде республикалық трассадағы елді мекен болғандықтан, қазіргі таңда сол жерге патрульді күшейтіп, алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы еліміз бойынша төрт түлікке соғылуға байланысты 200-ден аса жол апаты тіркелген. Өткен аптада Үкімет басшысы жауапты министрліктерге қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ бейнекамералардың қызметін тексеруді жүктеді. Қазір елімізде жол ережесін бұзу деректері дрондардың да көмегімен анықталып жатыр. Соның арқасында биылғы 8 айда 20 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелген. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz