Жетісу облысында суару жүйелері жаңартылып жатыр. Үш жылға жоспарланған ауқымды жобаның нәтижесінде Ақсу ауданындағы 4 мың гектар жер егістік айналымға енеді.
Ал Көксу ауданында 260 шақырымнан асатын арық-атыздар тереңдетіліп, бетон канал салынады.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Көксу ауданындағы ирригациялық жүйелердің ұзындығы 770 шақырымға жуықтайды. Олар негізінен 1960-1970 жылдары салынған. Содан бері тұрақты түрде пайдаланған нысандар әбден ескірген болатын. Аталған суару жүйелерін жаңарту жұмыстары 2024 жылы қолға алынды.
Қазір мердігер мекеме мамандары Мәмбет ауылында жұмыс істеп жатыр. Бұл елді мекен маңындағы егістік алқаптар бұрын арықпен суарылатын. Көп жылдан бері тазаланбаған атыздың орнында енді бетондалған канал болады.
Асқар Бакиев, Мәмбет ауылының тұрғыны:
- Енді бізде көбінесе егін шаруашылығымен айналысады. Сол үшін су тез жету үшін, көлемі мол баруы үшін науа салынып жатыр. Осы құрылыс аяқталса, су жақсы барады деп ойлап жатырмыз. Әлі біткен жоқ. Нәтижесін көреміз.
Көксу ауданындағы суару жүйесі екі кезеңмен жаңартылады. Алғашқысы биыл аяқталып, 108 шақырымдық желі қалпына келтіріледі. Яғни арықтар тереңдетіліп, ескі бетондар ауыстырылып, жаңадан көпірлер салынады. Бұған қоса, қазір екінші кезеңінің де құрылысы жүргізіліп жатыр.
Айдар Елемесов, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Бізде барлығы 157 шақырым. Соның 80 шақырымында жұмыс атқарылып жатыр. 30 шақырымы жасалып болды. 136 адам жұмыс жасайды. 40 техникамен жұмыс атқарып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – осы жобаны уақытылы сапалы түрде тапсыру.
Медет Керімжанов, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры:
- Қазіргі кезде Жетісу облысында мың шақырымнан асатын суару жүйелері жаңартылып жатыр. Айта кететін болсақ, бұл жерде үш жоба «Ислам даму банкі» қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. Ақсу ауданы және Көксу ауданындағы екі жоба. Қаратал ауданы және Талдықорған қаласында тағы да екі жоба жергілікті бюджет арқылы жүзеге асады. Одан бөлек, бізде республикалық бюджет есебінен Су шаруашылығы комитетінің тапсырысымен Қызылағаш су қоймасының жер асты су құбырлары салынып жатыр.
Жетісу облысында 500 мың гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Соның тең жартысына жуығы – суармалы. Егістік алқапқа тіршілік нәрі 55 гидротехникалық нысан мен 1100 ден аса канал арқылы жеткізіледі.
Бақтияр Шампиков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- 2026-2028 жылдарға су ресурстары және ирригация министрлігімен кешенді су саласын дамыту жоспары бекітілді. Бұл жоспарға 335,8 млрд теңгені құрайтын 37 жоба енгізілді. Аталған кешенді жоспар негізінде 145,8 млрд теңгені құрайтын 17 нысан бойынша ЖСҚ дайын. Техникалық негіздемелер әзірленуде.
Сонымен қатар алдағы екі жылда Тентек, Жаманты, Бүйен және Қаратал өзендеріндегі су қоймалары мен гидротораптарды жаңғырту жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса 55 мың гектардан астам алқаптың суару жүйесі жақсарады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Куаныш Түргенбаев
Тегтер #24KZ #Жетісу облысы #суару жүйесі #су құбыры #су шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz