RU
Толық нұсқаға өту

Astana AI Film Festival байқауының жеңімпаздары анықталды

04.10.2026, 13:25 49

Елордада жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдердің алғашқы халықаралық фестивалі қорытындыланды, деп хабарлайды «24KZ».

Astana AI Film Festival үш күн бойы әлемнің үздік цифрлық авторларының басын қосып, киноиндустрияның жаңа бағытын паш еткен алаңға айналды. Шара бүгінде ең ауқымды AI-кино байқауларының қатарына кіреді.

Бұнда біз көріп үйренген түсірілім алаңы да, режиссерлік топ та, актерлер де жоқ. Тек виртуалды камера мен жасанды интеллект құрастырған декорациялар, ойдан генерацияланған кейіпкерлер бар. Бастысы – фильмдер адам қиялынан туындап, кәсіби сценарий, режиссура арқылы жарыққа шықты. Астана халықаралық AI-кино фестивалі арқылы әлем назарын өзіне қаратты. 125 елден 8 мыңнан астам өтініш қабылданып, ұсынылған жұмыстардың саны жағынан Қазақстан АҚШ-қа ғана жол берді. Авторлар өз туындыларын үлкен экран арқылы көрсетті. Халықаралық қазылар алқасы үздіктерді анықтады. 

Жасанды интеллект сиқыры суреттерге жан бітірді. Авторлар 80-нен аса генерациялық үлгіні қолданған. Креаторлар фантастикадан драмаға дейін 19 жанрды қамтып, тұтас кинематографиялық әлемге саяхат сыйлады. Барлық туынды «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» атты ортақ тақырыпқа арналды. Байқауға келіп түскен жұмыстардың жалпы ұзақтығы 80 мың минуттан асады.

Алмаc Жәли, AAIFF негізін қалаушы:

- Негізгі мақсат – бұл Қазақстанды ИИ-картада фильммейкингтан бірінші орынға қою. Қазір біздің қатысушыларымыз 25 елден келіп жатыр. Олардың бәрімен кездестік. Елімізге келіп, «Қазақстан қандай әдемі мемлекет» деп таңғалып жатыр. Олардың айтуынша, бұл – қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен ИИ кинофестиваль.

Бүінде нейрожелі мүмкіндіктері таңдай қақтырады. Отандық креатор Жұмахан Мырзахан режиссерлік шеберлігі мен ұшқыр қиялының көмегімен фестиваль көрермендерін сүйсінтті. Оның комедия жанрындағы «Бұл жай ғана қалжың» атты қысқаметражды фильмі «Ең жақсы кейіпкер» номинациясын жеңіп алды. AI кинофестивалі шығармашыл жасқа одан әрі шабыт сыйлады. 

Жұмахан Мырзахан, ЖИ креаторы:

- Мен толық жасаушымын. Монтажын да, дыбыстарын да, сценарийін да барлығын өзім жасадым. Оған дейін де әртүрлі видеолар жасанды интеллектімен жасаған болатынмын. Әртүрлі ойлар жеткізгім келген. Бұл жолы бұл фестивальға мен адамды қатты ойландырмай, жеңіл серпін беретін, көңіл күй көтеретін жеңіл фильм жасағым келді. Сол үшін мындағы ой – жай ғана адамның көңілін көтеру. 

Фестивальдің жалпы жүлде қоры 2 млн доллар. Иә, қомақты сома бәсекелестікті арттырды. Ақтық сын аясында 750 мың доллар ақшалай сыйлық негізгі бағдарлама бойынша бас жүлде және екінші, үшінші орындар арасында үлестірілді. Ашық бағдарлама бойынша 250 мың доллар 5 номинация үздіктеріне табысталды. Тағы 1 млн доллар жүлде AI-командаларға инвестициялық капитал ретінде берілді.

Якопо Дзанетти, ЖИ креаторы /Италия/:

- Менің фильмім, ең алдымен, таңдау туралы. Қарапайым кеңселерді, әр адамға таныс жұмыс ортасын әдейі таңдадым. Бірақ осы күнделікті көріністердің ар жағында маңызды мән жатыр. Ол – өмір және біздің күн сайын қабылдайтын шешімдеріміз. Мен үшін әр кадр – түрлі көңіл күйді, эмоцияны және өзім бастан өткергім келген сәтті білдіреді. Сондықтан фильмде кездейсоқ бейне жоқ.

Лю Шухэн, ЖИ режиссері /Қытай/:

- Мен «Үздік сюжет» аталымы бойынша жүлдеге ие болдым. Фильмді жасау барысында эксклюзивті құралдарды қолдандық. Оқиға желісінде ежелгі қытай картиналарының бірі негізге алынды. Адамдардың айырылысуы мен қайта қауышуы туралы әңгіме қозғадық. Идеяны толыққанды туындыға айналдыруды жөн көрдік. 

Қатысушылар бұндай деңгейдегі халықаралық фестивальге келудің өзі мәртебе екенін жасырмады. Мұндағы фильмдер жасанды зерде мүмкіндіктерімен ғана емес, мазмұнымен де ерекшеленді. Ал Қазақстан AI-жобаларды дамытуға кең мүмкіндік беретін алаң екенін тағы дәлелдеді. Ұйымдастырушылар Астана AI фильм фестивалі әлемдік индустрияда өз орнын аларына сенеді. 

Авторы: Рухани Әбдірахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz