RU
Толық нұсқаға өту

Орыс қызы 30 жылдан бері қазақ тілінен сабақ береді

05.10.2026, 08:09 49

Валентина Быкова 30 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ауылда туып, ауылда өскен орыс қызы қазақ тілін бала кезден біледі. Енді шәкірттерге үлгі болып, мемлекеттік тілді үйретіп жүр.

Өзінің айтуынша, қазір өзге ұлт өкілдерінің тілге қызығушылығы артып келеді. Валентина Быкованың үш дипломы бар. Ол – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ғана емес, орыс және неміс тілдерінің мұғалімі. Дегенмен қазақ тілінен сабақ беруді таңдаған. Шет ауданының Нұраталды ауылының тумасы бүгінде Шахтинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда  сабақ береді. Оның отбасы мүшелері де өзара қазақ тілінде сөйлеседі.

Валентина Быкова , Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

- Сабақта мен анда-санда ғана бір сөзді орысша айтамын. Жалпы тек қана қазақша сөйлеймін. Күнде есту арқылы балалар қазақ тілін үйренеді.

Білікті ұстаз сабақ барысында түрлі көрнекі құралды пайдалана отырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арнайы уақытын бөліп, қолдау көрсетеді. Мектеп-гимназия ұжымы Валентина Быкованы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп жүрген нағыз патриот деп атайды. 

Вероника Ченцова-Марчук, Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның директоры:

- Валентина Владимировна – білікті де, білімді ұстаз. Оның оқушылары  олимпиадаларда, байқауларда,ғылыми жобаларда, әдеби оқуларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл жетістіктер педагогтің кәсіби шеберлігін, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыра білетіндігін көрсетеді.

Валентина Быковадан білім алған оқушылар қазақ тілін сабақтан тыс уақытта да еркін қолданады. Олар өзара мемлекеттік тілде сөйлесіп, кітап оқиды, түрлі шарада өнер көрсетеді. Шәкірттері олимпиадалар мен түрлі білім сайыстарында жеңімпаз атанды.

Милана Хныкина, Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның оқушысы:

-  Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан оны білу керек. Ол – өте таза, бай тіл. Бізге Валентина Владимировна сабақ береді. Сабақтары өте маңызды.

Валентина Быкова үшін қазақ тілін үйрету – кәсіби міндеттен бұрын, ұрпаққа аманат. Ұлағатты ұстаз осы ұстанымымен көпке үлгі.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz