Бүгінде елде цифрландыру үдерісі түрлі салаларды қамтып келеді. Мәселен, Ақтөбеде цифрлық технологиялар білім беру саласында белсенді қолданылып жүр. Жергілікті колледждердің бірінде жасанды интеллект оқытушылардың жұмысын жүйеледі. Бірсарынды қызмет түрлері де онлайн көмекшіге жүктелген, деп хабарлайды 24KZ.
Ал Қарағандыда шалғай ауыл тұрғындарына облыс орталығындағы дәрігерлер телемедицина көмегімен ем-дом жасайды. Бүгінде өңірдегі 117 медициналық мекеме онлайн қабылдау жүйесіне қосылған. Нәтижесінде жыл басынан бері екі мыңнан астам науқас білікті мамандарға қашықтан қаралды.
Қарағанды облысының Осакаров аудандық ауруханасы мамандары биыл 260 науқасты онлайн қабылдаған. Телемедицина жүйесі арқылы 160-тан астам рет орталықтағы бейінді дәрігерлермен байланысып, ақыл-кеңес алды. Тұрғындар қашықтан қабылдау жүйесіне дән риза. Себебі ем-дом іздеп үлкен қалаларға сабылып қажет емес. Нәтижесінде ауыл халқы жол ақысының өзінен шамамен 60 млн теңге үнемдеген.
Саягүл Исхан, Осакаров ауылы тұрғыны:
– Қарағанды осы жерден 120 шақырым жерде. Ол жаққа барған кезде кейде уақытымыз келеді, кейде келмейді. Такси жалдауға тура келеді. Ол жақта кейде жұмыстарымыз бітпей қалады. Сол үшін қашықтықтан телемедицина өте ыңғайлы.
ЖИ оқытушылардың көмекшісі
Ақтөбедегі білім ордасы жасанды интеллект оқытушылардың сенімді көмекшісіне айналды. Түрлі презентациялар мен оқу материалдары, көрнекі құралдарды әзірлеуге қолданылады. Бұл уақытты үнемдеп, дәріске дайындық пен шығармашылыққа ден қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім ордасында қазір студенттердің сабаққа қатысуы мен үлгерімін талдайтын бірыңғай платформа да жасалып жатыр.
Ринат Хайруллаев, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының орынбасары:
– Біздің колледж «OpenAI Bilim Class» жобасына кіреді. Оның аясында жасанды интеллект чатын тегін пайдалану мүмкіндігі бар. Бұл оқытушылар жұмысының тиімділігін арттырады. Бұдан бөлек, оқытушылар мен студенттерге жасанды интеллект бойынша арнайы IT-курстарымыз бар.
182 қылмыс әшкере болды
Қызылорда облысында цифрлық технологиялар түрлі қылмыстың алдын алуға және заңбұзушылықтармен күресуге белсенді қолданылып келеді. Өңірде орнатылған мың жарымға жуық бейнебақылау камерасы ортақ жүйеге біріктіріліп, ақпарат жасанды интеллекттің көмегімен сарапталады.
Тимур Әнуар, облыстық ПД жедел басқару орталығының бастығы:
– Жыл басынан бері жаңашылдықтың арқасында өңірде 182 қылмыс ашылып, 79 мыңға жуық құқықбұзушылықты анықтап, алдын алды. Біз техникалық мүмкіндіктерімізді жаңарттық және жасанды интеллектпен жаңа бағдарламаларды белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Цифрландыру «соқыр аймақтарды» жабуға, жауап беру жылдамдығын арттыруға және аймақтағы қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді.
«Әуе патрулі» жүйесі қадағалайды
Ақмола облысында коммуналдық саланы қадағалауға ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылып отыр. Бүгінгі таңда өңірдің 11 ауданында 22 дрон бар. «Әуе патрулі» жүйесі жолдар мен жылу желілерінің жай-күйін бақылап, құрылыс қарқынын қадағалайды. Қоқыс үйінділері мен тұрмыстық қалдықтар туралы ақпаратты бірыңғай байланыс орталығына жолдап отырады.
Сәуле Сембаева, облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының бас маманы:
– Былтыр дрондардың көмегімен заңсыз қоқыс төгілген 10 орын, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтар жиналған 40 орын анықталды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарымен біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын бақылаймыз. Жауапты басқармалармен бірлесе отырып қаладағы құрылыс алаңдарын қадағалаймыз. Мәселен, былтыр заңсыз тұрғызылып жатқан екі ғимарат анықталды.
«Әуе патрулі» жүйесі тұрғындардың арыз-шағымын қабылдайтын «109» байланыс орталығымен бірге қызмет етеді. Бұл коммуналдық сала мәселелерін шұғыл шешуге мүмкіндік береді.
Тегтер #цифрлық технологиялар #өңірлер #Ақтөбе #интеллектPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz