Google 9 қазаннан бастап жеке аккаунт иелерінің Gemini жасанды интеллект модельдерін пайдалану тәртібін өзгертеді. Жазылымы жоқ қолданушылар Gemini Flash және Gemini Pro модельдерін пайдалана алмайды, деп хабарлайды 24KZ Google-дың қолдау қызметіне сілтеме жасап.
Өзгерістен кейін тегін тарифте тек Gemini Flash-Lite моделі қалады. Қазір жазылымсыз пайдаланушылар Flash-Lite, Flash және Pro модельдерін қолдана алады.
Сонымен қатар Google AI Plus жазылушылары да Gemini Pro моделіне қол жеткізе алмайды. Олар Flash-Lite және Flash модельдерін пайдаланады. Ал Pro моделі тек қымбатырақ Google AI Pro және AI Ultra тарифтерінде қолжетімді болады. Компания Plus жазылушыларына өзгерістің нақты қашан күшіне енетіні туралы жеке хат жіберетінін мәлімдеді.
Google пайдаланушылар үшін есептеу ресурстарына да шектеу енгізеді. Лимит сұраудың күрделілігіне, қолданылатын функцияларға және Gemini-мен сөйлесу ұзақтығына байланысты болады. Ол әр бес сағат сайын жаңарып отырады, бірақ апталық квота да қарастырылады. Ақылы жазылым иелеріне берілетін лимит жоғары болады.
Ал Google AI Pro жазылушылары бұрын тек AI Ultra тарифінде болған Deep Think функциясына қол жеткізеді. Бұл құрал күрделі тапсырмаларды тереңірек талдауға арналған.
AI Ultra тарифінде Flash-Lite, Flash, Pro және Deep Think модельдері толық қолжетімді болып қалады.
Google сондай-ақ әр модельдің жұмыс қарқынын төмен, орташа немесе жоғары деңгейде таңдауға болатынын хабарлады. Деңгей жоғарылаған сайын жауап сапасы мен егжей-тегжейі артады, бірақ есептеу ресурсы да жылдамырақ жұмсалады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Google #GeminiPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz