Шығыс Қазақстандағы басты туристік бағыттардың бірі – «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Қатонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 13 шақырымы толық жаңартылып, көлік қозғалысы ашылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірге барар сапар уақыты екі сағатқа қысқарды, деп хабарлайды «24KZ».
Жалпы ұзындығы шамамен 450 шақырым болатын Өскемен – Рахман қайнары бағытын жөндеу нәтижесінде жол жүру қауіпсіздігі артты, ал жолдағы сапар уақыты екі сағатқа жуық қысқарды. Аталмыш автожол Катонқарағай ұлттық паркіне, Рахман қайнарына және Алтайдың өзге де көркем жерлеріне апаратындықтан, бұл өңір туризмі мен шағын және орта бизнес үшін айрықша маңызға ие.
Жолдың ресми ашылу рәсіміне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Қатонқарағай үшін сапалы жол – туризмнің, өңір экономикасының және жергілікті халықтың тұрмыс сапасының маңызды негізі. Біз Өскеменнен Рахман қайнарларына дейін қауіпсіз әрі қолайлы жол қалыптастырып келеміз. Келесі маңызды кезең – Осинов асуындағы нысанды биыл қазан айының соңында ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Дархан Иманашев.
Айта кетейік, 2025 жылы басталып, биыл аяқталған 13 шақырымдық жол құрылысында мамандар жолдың пішінін түзеп, қара қиыршықтас пен жамылғының үстіңгі қабатын төседі. Сонымен қатар 17 су өткізу құбыры, үш су өткізу науасы салынып, су бұру арналары жасалды. Бұл жұмыстарға 65 маман мен 36-ға жуық техника жұмылдырылды.
Өңірдегі көлік қатынасын жақсартуға бағытталған келесі ауқымды жоба – Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол қазан айының соңында іске қосылады деп жоспарлануда. Күрделі таулы бөлікті айналып өтуге мүмкіндік беретін бұл нысан әсіресе қыс мезгіліндегі қалың қар мен көктайғақ кезінде жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қоспақ.
Тегтер #Қатонқарағай #рахман қайнары #Үлкен Нарын #инфрақұрлым #ШҚО #жол сапасы #ҚазАвтоЖол #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz