Батыс Қазақстан облысында қоқыс үйіндісінде тұрған 10 жастағы баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот баланың құқықтары мен мүддесін қорғау туралы талапты қанағаттандырды, деп хабарлайды 24KZ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына сілтеме жасап.
Жоғарғы Соттың мәліметінше, бала туғаннан бері анасымен бірге тұрған. Әйел ішімдікке салынып, қоғамға жат өмір салтын ұстанған. Отбасы қараусыз қалған үйде тұрған, онда үнемі бөгде адамдар жиналған.
Бала мектепке бармаған, оқып-жаза алмаған. Сот материалдарына сәйкес, тамақ пен киімін қоқыс полигонынан тауып жүрген.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның бастамасымен бала алдымен арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына үш айға орналастырылған. Ал 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен Білім басқармасының шешімі бойынша облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген.
Алайда анасы баласына бірде-бір рет бармаған және сот отырыстарына да келмеген. Істі қарау кезінде психолог баланың ауыр психологиялық жарақат алғанын анықтаған. Маманның қорытындысына сәйкес, оның анасына деген эмоционалдық байланысы толық үзілген.
Бала анасынан қорқып, оның өзін қайтадан қоқыс полигонына алып кетуінен қауіптенген. Ал балалар ауылында тұру оған ұнайтынын айтқан. Себебі мұнда таза төсек пен жақсы тамақ бар.
Сот анасының ата-аналық міндеттерін қасақана орындамағанын және өмір салтын өзгертуге ниеті болмағанын анықтады.
Әйел ата-ана құқығынан айырылып қана қоймай, баланы асырауға алимент төлеуге міндеттелді. Қаражат баланың жеке депозиттік шотына аударылып отырады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #сот #кәмелетке толмағандарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz