Оралда жаңа экосаябақ құрылысы басталды. Демалыс орны шаһардағы қос бірдей шағын ауданды байланыстырады. Осылайша, Орал өзенінің бойында жалпы ұзындығы 4 шақырым болатын бірыңғай серуендеу аймағы пайда болмақ, деп хабарлайды 24KZ.
Былтыр Стелла ауданындағы жағалау ретке келтірілді. Ал бірер күн бұрын Курени ауданындағы саябақтың құрылысы аяқталды. Енді осы екі аумақты байланыстыратын жерде жаңа демалыс кеңістігі пайда болады. Өйткені мұнда экосаябақ салынып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Күл-қоқыстар шығарылып, қураған ағаштар кесіліп жатыр.
Лұқпан Өтебалиев, Орал қалалық экологиялық комиссиясының мүшесі:
– Кесілген ағаштардың орнына жаңалары егіледі. Қазір бұл аумақта ескіріп, шіріп тұрған ағаштар көп. Олар жаяу жүргіншілерге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қауіпті ағаштардың барлығын кесіп, орнына жаңа көшеттер отырғызу жоспарланып отыр.
Осыған дейін қала тұрғындары бұл жерге көп бас сұға бермейтін. Өйткені аумағы қараңғы, іші күл-қоқысқа толы болды. Қазір бұл олқылықтар біртіндеп шешіліп келеді.
Жұлдыз Төреғалиева, Орал қаласының тұрғыны:
– Бұрын бұл жерде қоқыс көп жиналып, қараусыз қалған аумаққа ұқсайтын. Сондықтан тұрғындар да бұл жерге көп келе бермейтін. Қазір мұнда стела орнатылып, аумақ абаттандырылған. Соның арқасында адамдар тарихи нысандарды тамашалап, осы жерде серуендей алатын болды. Бұл — тұрғындар үшін өте жақсы өзгеріс.
Болашақ экопарктің ұзындығы шамамен 800 метр. Негізгі жұмыстар келер жылдың көктемінде басталмақ. Жобада жаяу жүргіншілер жолы, жарықтандыру, көгалдандыру және автоматты суару жүйесі қарастырылған. Демалыс аумағы шамамен бір метрге дейін биіктетіп салынады. Бұл көктемгі тасқынның алдын алуға сеп болмақ.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
– Демалыс аумағын барынша абаттандыру жоспарланып отыр. Жұмыстар жоспарға сай жүргізілсе, нысанды келер жылы пайдалануға беру көзделген. Жобаның құны — 2 млрд теңге. Қазіргі таңда мердігер анықталды. Жалпы биыл халықтың қатысуымен жүзеге асатын бюджет аясында 10 жоба іске асырылды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен 15 шағын алаң абаттандырылды. Бұл жобаларға тартылған инвестиция көлемі шамамен 400 млн теңгені құрайды.
Жеке инвестиция есебінен абаттандыру жұмыстары алдағы жылы да жалғасын табады. Жеке кәсіп иелері қала аумағындағы 20 алаңды жаңартуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде тұрғындардан бірнеше өтінім түскен. Жобалардың бір бөлігі қала маңындағы ауылдарда жүзеге асырылады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Альбина Кұмарғалиева, Эльдар Аюпов
Тегтер #Орал #экосаябақ #құрылыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz