Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Оны ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Кәсіби мереке қарсаңында Президент бір қауым педагогке мемлекеттік марапаттар табыстап, олардың жауапкершілігін тілге тиек етті. Оқу процесінде заманауи дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдалануға шақырды, деп хабарлайды 24KZ.
Жылдағы дәстүрге сай Мемлекет басшысы үздік педагогтердің бір парасын Ақордаға жинады. Ұлылар бас иген ұстаздарға құрмет көрсетіп, шәкіртінің санасына білім шуағын құйған мұғалімдер қауымына өз ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат.
Елде кейінгі жылдары ұстаз еңбегін еселей түсетін елеулі істер атқарылды. Мәселен, Президент 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдады. 5 қазан ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде бекітіліп, мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын енгізді. Бұдан бөлек, кейінгі 7 жылда 1 342 мектеп салынды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаздарды жалпыұлттық деңгейде ұлықтау жалғасын табады. Бұл – мемлекетіміз үшін айрықша міндет», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан. Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: ауыл мектебі де, қала мектебі де балаларға бірдей сапалы білім беретін заманауи оқу мекемесі болуы керек. Қазіргі таңда мемлекет жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасын іске асыруда. Бұл – өте маңызды жұмыс. Үкімет осы мәселеге баса мән беруге тиіс. Жалпы аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмауы керек. Өйткені тағы да қайталап айтамын, бұл – мемлекеттің болашағына әсер ететін өте маңызды фактор. Үкімет осы мәселені де әрдайым назарда ұстауы қажет.
Педагог мамандығын таңдайтын жастардың да қатары артып келеді. Мәселен, биыл 12 мыңнан астам түлек педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Ал жаңа оқу жылы аясында аймақтарда 15 мыңнан аса мұғалім жұмысқа қабылданды. Оның жартысына жуығы жас маман. Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім беру ордаларына жасанды интеллект те жоспарлы түрде енгізіліп келеді. Биыл жауапты министрлік оны қолданудың тәртібін бекітті.
Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана. Президент Әбіш Кекілбаевтың ұлағатты сөзін тілге тиек етіп, елде зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі жарлыққа қол қойғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеруге, оларды шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғауға міндеттіміз. Ең бастысы – өскелең ұрпаққа аса қажетті дүниемен, атап айтқанда, жарқын келешекпен, нақты мүмкіндіктермен қамтамасыз етіп, оларға есейгенде мақсат-мұратына жетуге ынталандыратындай жағдай жасау. Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Еңбек дегеніміз – бүкіл өмірді билеп тұрған патша, бұл – өмірдің арқауы. Өмір, бұл – ғажапқа толы сиқырлы әлем емес. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды. Стратегиялық мақсатымыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстанның өсіп-өркендеуі әрқайсымыздың қаншалықты үлес қосатынымызға байланысты.
Адал еңбекті лайықты бағалау – әділетті қоғамның белгісі. Шара барысында Президент білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ ұстаздар қауымын мемлекеттік наградамен марапаттады.
Еңбегі еленгендердің қатарында Жібек Шәкенқызы да бар. 1984 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларға білім мен тәрбиені қоса беріп, жетелеп келеді. «Президенттің қолынан марапат алу – еңбектің өтеуі ғана емес, жүрекке шуақ сыйлаған үлкен мәртебе», - дейді.
Ұстаздарға көрсетілген бүгінгі құрмет – болашаққа жасалған салмақты қадам. Білікті мұғалім – мықты мемлекеттің тұғыры. Оны бүгін Президент те айтты.
Тегтер #24KZ #Қасым–Жомарт Тоқаев #Мұғалімдер күні #мемлекеттік награда #марапаттау рәсіміPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz