RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында 34 ауыл табиғи газға қосылады

05.10.2026, 19:20 54

Түркістан облысында 73 ауылды табиғи газбен қамту үшін 12,7 млрд теңге бөлінді. 36 мыңнан аса халқы бар 34 елді мекен жыл соңына дейін көгілдір отынмен қамтылады, деп хабарлайды 24KZ.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Біз қазір Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындамыз. Мұнда магистральды газ құбырын тарту жұмыстары былтыр басталған. Қазір көше бойлатып, ауылдың ішіне құбыр тартылып жатыр.

Биылғы жылға 1 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Нысан келесі жылға өтпелі. Ауыл тұрғындары көгілдір отынды тағатсыздана күтіп жүр. Себебі жылдар бойы көмір тасып, күл шығарудың машақатынан әбден мезі болған.

Днепр Құлметов, Қарнақ ауылының тұрғыны:

– Біздің отбасына 1 жылға 6 тонна көмір кетеді. Ол 30 мыңнан болғанда 180 мың теңге. Қалтаға ауырлық қылады. Ал енді оның ағашы бар, бейнеті бар. Енді Қарнақ ауылының армандары орындалайын деп жатыр. Көгілдір отын келсе, халықтың пейнеті жеңілдейді, көңілі көтеріледі.

Түркістан облысында 73 елді мекенге табиғи газ тарту үшін 12,7 млрд теңге қаралды. Бүгінге дейін 36 мыңнан аса халқы бар 34 елді мекеннің 20-сы көгілдір отынмен қамтылды. Қалған 14 елді мекен жыл соңына дейін табиғи газға қосылады. Мамандар газбен қамту көрсеткіші жылдан-жылға артып келе жатқанын айтады.

Роза Сариева, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы Түркістан облысының халқын газдандыру деңгейі қазір 89,3 пайызды құрап отыр. Біздің облыста 17 аудан болса, соның қазір кезде 3 аудан – Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандары мен облыс орталығы Түркістан қаласы жүз пайыз газбен қамтылған. Халық санымен 90,3 пайызды құрайды деп жыл соңына дейін жоспарланған.

Биыл өңірдегі 801 елді мекеннің 640-ы, яғни 80%ы табиғи газбен қамтылады. Ал халық санына шақсақ 2 млн 148 мың тұрғынның 1 млн 923 мыңы көгілдір отынға қосылады. Айта кетейік, 2028 жылы өңірдегі елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz