Ақтөбелік ұстаз Әлібек Балмағамбетов мектеп кабинетін мұражайға айналдырған. Көркем еңбек пәні мұғалімі балаларды ұлттық қолөнерге баулиды. Телефонға телмірген жеткіншектерді еңбекке тартып, тұрмысқа бейімдейді, деп хабарлайды 24KZ.
Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Әлібек Балмағамбетов кезекті көрмеге дайындықты бастап кеткен. Қолөнер шебері 11-ші сынып оқушыларымен бірге түйе мүсінін жасап жатыр. Балалар мен ұстаздың қиялынан туған туынды – «Керуен» диорамасы болмақ. Ал орта буын оқушылары ағаш бетіне сурет күйдіруді үйреніп жүр. Әлібек Балмағамбетов балаларды қолөнерге жеткіншек шағынан бастап ынталандыру қажет деп есептейді.
Ернұр Ділмағамбет, №37 орта мектебінің оқушысы:
– Өте шебер адам, қолынан келмейтіні жоқ. Кең пейілді адам. Көптеген заттарды үйрендік деп айта аламын. Ағайдың қосымша үйірмесі бар, оған да барып тұрамыз. Өзіміздің қиялымызбен суреттер саламыз және қолөнермен жұмыс істейміз.
Білім ордасының көркем еңбек кабинеті мен шеберханасы оқушылар жасаған түрлі бұйымдарға толы. Әлібек Балмағамбетов бас сұққан мейманға алдымен шәкірттерінің қолынан шыққан жәдігерлерді таныстырады. Өскелең ұрпақтың өнерлі екендігін мақтанышпен айтады. Дегенмен «Басты міндетім – мектеп табалдырығын аттаған әр баланы қолданбалы еңбекке баулу», - дейді ұстаз.
Әлібек Балмағамбетов, №37 орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі:
– Негізгі менің өзімнің ұстанымым, мақсатым – осы көркем еңбек пәніне балаларды баули отырып, оларды болашақта қолынан іс келетіндей етіп тәрбиелеу. Тіпті тұрмыста, үйдегі жұмыстарды ешкімді шақыртпай-ақ, шебердің көмегінсіз-ақ өздері істей алатын қалыпқа келсе, соның өзі біз үшін үлкен жеңіс.
Отыз жылдан астам ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Әлібек Балмағамбетов – педагог-зерттеуші. Бала біткен әлеуметтік желіге шырмалып, телефонға телмірген заманда ол балаларды қарапайым еңбекке баулып, ұлттық қолөнерді дәріптеп жүр.
Жаңыл Жаманова, №37 орта мектебі директорының орынбасары:
– Оқушыларды шығармашылыққа, еңбекқорлыққа үйретеді. Тек қана білім беріп қоймай, эстетикалық талғаммен жұмыс жасауды қалыптастырады. Балалар оның сабағын қызыға күтеді. Сабақтан тыс уақытта да келіп, өздерінің үлгере алмай қалған шығармашылық жұмыстарын аяқтауға уақыттарын аямай еңбек етеді. Қолөнер саласымен бірге ол балаларға өзінің әкелік қамқорлығын да көрсете біледі.
Білікті маман педагогикалық тәжірибесімен де әрдайым бөлісіп отырады. Оның шығармашылық ізденістері облыс ұстаздарының үздік еңбектері топтастырылған «Алтын тұғыр» жинағында жарық көрді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев
Тегтер #24KZ #Ақтөбе #мұражай #мектеп #ұстаз #Мұғалімдер күніPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz