Елордада алимент төлетудің жаңа әдісі қолданыла бастады. Енді прокурорлар борышкердің арнайы техникасын да тартып алады, деп хабарлайды 24KZ.
Бала алдындағы міндетін орындаудан жалтарғандардан құны 2 млрд теңгеден асатын 126 арнайы техника табылды. Сонымен қатар нақты табысын жасырған алиментшілердің 26 млрд теңгесі анықталды. Сот орындаушыларының әрекетсіздігі де Астана прокурорларының назарына ілінді.
Табысты мүлде жасыру немесе айлықты әдейі азайтып көрсету. Иә, тексеріс кезінде алиментшілердің осындай әрекеті анықталып жатыр.
Елордада 5 жарым мың борышкер 26 млрд теңге нақты табысын жасырған. Сондықтан прокурорлар алиментке қарызы барлардың арнайы техникасын тәркілей бастайды.
Динара Тукеева, Астана қалалық прокуратурасының ресми өкілі:
- Елорда прокурорларының бастамасымен алимент төлемейтіндермен күрестің жаңа әдісі енгізілді. Бұдан былай өндіріп алу кезінде бұрын жеке сот орындаушыларының назарынан тыс қалған борышкерлердің арнайы техникасы да қамтылатын болады. Жаңа тәсілдің арқасында прокурорлар жалпы құны 2 млрд теңге болатын 126 бірлік құрылыс, жол және ауыл шаруашылығы техникасын анықтады. Бүгінгі таңда прокуратура 2,5 мың балалардың пайдасына 2 млрд теңгеден астам алимент өндіріп алды.
Павлодарда алиментші 21 млн теңге қарызын бір аптада толығымен өтеді. Өз еркімен емес, банк шоттары бұғатталып, елден шығуына тыйым салынған соң мәжбүр болды. Бұлай қыспаққа алудың да мәні бар. Жеке сот орындаушысы оның кәсіпкер екенін анықтаған. Миллиондаған кірісі бары мәлім болды. Ал арызданушының айтуынша, әке алиментті бірнеше жыл ең төменгі жалақы мөлшерімен төлеп келген.
Серік Бикенев, жеке сот орындаушысы /Павлодар/:
- Атқарушылық іс жүргізу барысында борышкердің жеке кәсіпкер екені анықталды. Мемлекеттік кірістер басқармасына сұрау жолданған. Басқарманың жауабынан борышкер 2024 және 2025 жылдары бойынша таза кіріс сомасы 85 млн теңгені құрағаны белгілі болды. Қыркүйектің ортасында борышкерге 21 млн қарыз есептеліп, жеке банктердегі шоттарына, мүлкіне және елден шығуға тыйым салынды. Кейін бір апта ішінде борышкер қарызды толығымен төлеген.
Борышкер жұмыссыз санатына жатса, бір балаға орташа жалақының ¼-ін, яғни 100 мың теңге шамасында алимент төлейді. Ең төменгі жалақыны көрсетсе, қолға 15 мың теңгедей ғана түседі. «Бауыр еті – баласы» болса да, көбі қамқорлыққа сараң. «Неғұрлым аз төлеуге тырысады», – дейді заңгерлер. Жауапкершілік күшейсе, ұзақ жылдар бойы қаузалып келе жатқан мәселе шешілер еді.
Аржан Сәдуақас, заңгер /Астана/:
- Егер де адам жұмыссыз болатын болса, ол табысы төмен алиментшіге қарағанда алимент көбірек төлейді. Көп азаматтар табысын ең төменгі жалақымен бекітіп қояды. Екінші мәселе – табысын жасырған тұлғаларға қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік енгізу керек. Құрылтай депутаттары мәселені көтеріп, соны әрі қарай жүргізуде. Негізгі мәселе – сол. Заң алдында да, ар алдында да адал адамдар бар, бірақ некен-саяқ. Бүгінде елде 12 мыңнан аса проблемалық іс болса, төленбеген алименттің жалпы сомасы 19 млрд 800 млн теңгеден асады.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Валентина Леонова, Мерей Талап
Тегтер #24KZ #алимент төлемегендер #Астана #борышкер #Павлодар #сот орындаушыларыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz