Қазір екі жарым мыңнан аса адам мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойған, деп хабарлайды 24KZ.
Тарас Леоненко Қоңыртөбе ауылында дүниеге келген. Украин ұлтының өкілі бала кезінен қазақша еркін сайрап жүр. Бұған ата-анасының оны қазақ мектебіне беруі себеп. Қазір мектеп директоры болып, ұжымды ұйыршықтай иіріп, абыроймен басқарып отыр. Тарас қазақ қызына үйленген. Төрт баласы да мемлекеттік тілді жетік біледі.
Тарас Леоненко, мектеп директоры:
– Біздің ауылда әртүрлі өзге ұлт өкілдері бар. Мысалы, украин, орыстар, шешендер, ингуштар – бәріміз бір үйдің баласындай өстік. Біздің ауылдағы өзге ұлт өкілдері көбі мемлекеттік тілде еркін сөйлей береді. Мемлекеттік тілде сөйлеу – міндет емес, ол – мемлекеттік тілге деген құрмет деп ойлаймын.
Аймақта қазақ тілін үйренем деушілерге барлық жағдай жасалған. Тілдерді дамыту орталығында 2,5 ай ішінде мемлекеттік тілді толық меңгеріп шығуға болады. Курстар тегін өтеді. Облыс бойынша тілді 43 маман оқытады.
Перизат Маханова, Тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары:
– 2026 жылы 4273 адамды курстан өткізу бекітілген. Қазіргі таңда 3 мыңға жуық тыңдаушы оқып жатыр. Оның 2700-і қазақ тілі курсына қамтылса, 258-і ағылшын тілін оқып жатыр. Қазақ тілін оқып жатқан 2700 адамның 85 пайызы – өзге этнос өкілдері.
Мария Веймер, қала тұрғыны:
– Мен үшін бұл сабақтар өте маңызды. Қазақстанда қазақ тілін білу – парыз. Өзім туризм саласында істейтіндіктен қазақ тілінде сауатты сөйлеуге тырысамын. Бүгін екінші сабағыма қатыстым. Бәрін біртіндеп үйреніп жатырмыз.
Тілдерді оқыту орталығында әр сала мамандарына арналған қысқа мерзімді курстар да бар. Мұнда 15 күн ішінде базалық білімді қалыптастыруға болады.
Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә
Тегтер #24KZ #Тараз #Жамбыл облысы #этнос #қазақ тілі #тіл үйрету #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz