RU
Толық нұсқаға өту

Арал тұрғыны, ардагер ұстаз ғұмырында 1500 астам кітап оқыған

05.10.2026, 22:40 40

Жасы сексенге келген Әнес Әуезов – кітапхананың тұрақты оқырманы. Ол ұзақ жылғы танымдық мақалаларын бір жинаққа топтастырып, жаңа кітап та шығарды. Ардагер ұстаз жастарға бағыт-бағдар беріп, кітап оқуды насихаттап жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Әнес Әуезовті кітапқа баулыған – әкесі. Бала күнінде эпос-жырларды оқып беруді әдетке айналдырған екен. Әнес ақсақал «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қырық қыз» сияқты жырларды тыңдап өсті. Содан кейін кітап оқуға қызығушылығы артып, өзі де оқи бастайды.

Әнес Әуезов, қала тұрғыны:

– Әдепкі кезде баламыз, судыратып оқимыз. Түсінбей оқи беретін едік. Әкем кітаптың бетін өзі бүктеп қоятын. Бір күні бүктеген жоқ, «Балам, қай жерге келдік?», - деді. Мен сосын сасып, абдырап қалдым, білмедім. Содан кейін мен түсініп, ойланып оқитын болдым. Кітапқа деген қызығушылығым сол кезден басталды. Кітапханаға жазылдық.

Қария 80 жасқа келгенше шамамен мың жарым кітап оқыған. Бүгінде үйінің бір бөлмесі шағын кітапханаға айналған. Кітапқа деген құмарлық кейін қолға қалам алуға түрткі болды. Жуырда ол мерзімді басылымдарға жарияланған танымдық мақалаларын бір кітапқа жинақтап шығарды. Еңбегі «Адам – керуен, өмір – жол» деп аталады.

Әнес Әуезов, қала тұрғыны:

– Біз, үлкендер, аталар, әжелер сол жастарды, балаларды оқытуға тәрбиелеуіміз керек. Мектеп екі бастан, кітапхана екі бастан. Әжелер қазір шынында да көп ертегі айтып бере алмайды, көбі білмейді. Қазіргі әже деп отырғанымыз да – жас адамдар, сауаты бар адамдар. Ең болмаса, балаларға арналған кітаптарды оқып берсе дұрыс болар еді.

Әнес ақсақал сексеннің сеңгіріне шықса да, кітапхананың тұрақты оқырманы. Ол кітап оқуға ынталы жастарға үнемі бағыт-бағдар беріп отырады.

Дархан Аманжолұлы, қала тұрғыны:

– Ол кісі осы кітапханаға сонау 1980 жылы оқырман ретінде тіркелген екен. Содан бері әлі күнге дейін байланысын үзбей, осы кітапханамен біте қайнасып кеткен тұлға. Сондықтан бұл ағамыздың кітапқа деген, білімге деген, өркениетке деген адалдығын құрмет деп білеміз. Сондықтан кейінгі жас ұрпаққа осы ағамыздың жолын өнеге ретінде ұсына аламыз.

Кітап берген білімі үшін ақы сұрамайды. Әр мектепте балалардың жас ерекшелігіне қарай оқитын кітаптар тізімі жасақталуы керек. «Сонымен қатар кітап оқыған баланың бағасын көтермелеп, ынталандырса, жас ұрпақтың оқуға деген қызығушылығы арта түседі», – дейді ардагер ұстаз.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz