Малыңыз ұрланса, мемлекет өтемақы береді.
Өтемақы алу үшін төрт түлікті сақтандыру міндет.
Агросақтандыру бағдарламасы аясында сақтандыру сомасының 80 пайызын мемлекет береді. Биыл осы бағдарлама шеңберінде шаруаларға 5 млрд теңгеден астам өтемақы төленді.
Елде аграрлық сақтандыруға сұраныс өсіп келеді. Егер алты жыл бұрын бұл қызметті 65 тауар өндіруші қолданса, биыл олардың саны 4 есе көбейіп, 300-ге жуықтады. Сақтандыру екі бағытта жүреді. Алғашқысы - егіншілік, екіншісі – мал шаруашылығы. Диқандар егінін жаздағы қуаңшылық пен орақ кезіндегі жауыннан қорғау үшін жүгінеді. Мұнда сақтандыру сомасының 80 пайызын мемлекет төлейді.
Сапарғали Қосымов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жиынтық есептілік бөлімінің басшысы:
- Мысалы, 10 мың гектарға 60 мың теңге норматив қарастырылған болса, яғни сақтандыру сомасы 600 млн теңге болады. Бірақ бұл деген фермер төлейтін сома емес, бұл жақта сақтандыру сыйақысы деген нәрсе болады. Сақтандыру сыйақысы - төленетін ақша. Егер де осы сақтандыру сомасына сақтандыру сыйақысының тарифін қолданатын болсақ, қазіргі кезде бұл 5,3 пайыз. Яғни төленетін сома 31,8 млн теңге болады. 31,8 млн теңгенің 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Яғни 25,4 пайыз (млн) мемлекет төлейді. Ал 6,4 млн теңгені фермер өз қалтасынан төлейді.
Ал диқанның егіні қуаңшылық кесірінен шықпай қалса немесе орақ кезінде жаңбыр құйып, өнім рәсуа болса, сақтандыру сомасының 48 пайызы өтеледі. Яғни өз қалтасынан 6,4 млн теңге шығарған шаруаға 600 млн теңгенің 48 пайызы – 288 млн теңге өтемақы төленеді.
АГРОСАҚТАНДЫРУ ЖОБАСЫ
Сақтандыру сомасы – ₸600 млн
Диқанның төлегені – ₸6,4 млн
Өтемақы – 48% – ₸288 млн
Аян Айнабеков, диқан:
- Қуаңшылық мәселесі бар. Егер жаңбыр жаумаса, бізде аз шығатын еді. Жалпы 500 мыңға арпа, бидайға сақтандыру жасадық. Спутник бойынша индекс енді шықты. Жаңбыр аз болған. Сол себептен бізге 6 млн 900 мың теңге сақтандыру шотқа түсті. Бізге жақсы болды, үлкен көмек.
Ал мал шаруашылығында сақтандыруды табиғат апаттары, түрлі кеселдермен қатар ұрлыққа да қатысты қолдануға болады. Бұл жерде өтемақы белгіленген нормативке сай төленеді.
Сапарғали Қосымов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жиынтық есептілік бөлімінің басшысы:
- Бір малдың басы 500 мың теңге тұрады деп есептесек, 10 мал басын сақтандыратын болсаңыз, сәйкесінше, сақтандыру сомасы 5 млн теңге болады. 80 пайызы мемлекет тарапынан төленеді, қалған 20 пайызын шаруа өз қалтасынан төлейді. Егер де сіздің малыңыз бір жағдайларға ұшырап, ауырып, болмаса ұрлап кеткен жағдай болған кезде бұл соманың 98 пайызына шейін өтемақы ретінде фермерлерге қайтарылатын болады.
Биыл сақтандыру бойынша 4,6 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды. Мұндағы фермерлердің төлеген төлемі 700 млн теңге жуықтайды. Дегенмен, жазда жаңбырдың аз жауғаны мәлім. Яғни қуаңшылыққа байланысты 5 млрд теңгеден аса өтемақы берілді.
АГРОСАҚТАНДЫРУ СОМАСЫ
Келісімшарт құны – ₸4,6 млрд
Фермерлер төлегені –₸ 687 млн
Өтемақы – ₸5,1 млрд
Жалпы агросақтандыру 2020 жылға дейін міндетті болған еді. Одан кейін ерікті түрде жүзеге аса бастады.
Нұрқанат Қанапия, Бағдат Қайыркен
Тегтер #мал ұрлығы #мемлекет #өтемақы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz