Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі психологтардың кәсіби стандарттарын бекітті, деп хабарлайды 24KZ. Бұл қадам еліміздегі психологиялық көмек көрсету нарығын ретке келтіріп, кездейсоқ мамандардың жолын кесуге бағытталған маңызды шешім болып отыр.
Бұған дейін сала бойынша бірыңғай мемлекеттік талаптардың болмауы салдарынан, қысқа мерзімді курстарды тәмамдаған кез келген азамат психологиялық қызмет көрсете беретін. Жаңа кәсіби стандарттың қабылдануы бұл олқылықтың орнын толтырып, салаға қатаң тәртіп орнатады деп күтілуде.
Жаңа ережелерге сәйкес, психолог ретінде ресми қызмет атқару үшін үміткердің тиісті жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болуы қатаң талап етіледі. Бұл ретте тек педагогика және психология, әлеуметтік ғылымдар немесе денсаулық сақтау бағытындағы мамандықтар негізге алынады. Тиісінше, бірнеше айлық курстарды бітіріп шыққандардың бұл салада ресми жұмыс істеуіне заң жүзінде шектеу қойылады.
Бекітілген стандарт аясында психологтардың қызметі жүйеленіп, төрт негізгі бағыт бойынша біліктілік талаптары айқындалды:
Балалар психологы - 3 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге, дамуын қолдауға және отбасылық контекст пен ата-аналармен жұмыс істеуге маманданған маман.
Арнайы психопедагогика маманы - дамуында ерекшелігі бар балалармен (РАС, ЗПР, ДЦП, СДВГ және т.б.) жұмыс істейтін маман. Бұл бағыт үшін кемінде 3 жылдық кәсіби тәжірибе талап етіледі.
Спорт психологы - спортшылар мен командалардың психологиялық тұрақтылығын, жарыс алдындағы дайындығын және әл-ауқатын сүйемелдейтін маман.
Жеке тәжірибемен айналысатын психолог - жеке және заңды тұлғаларға кеңес беретін, онлайн немесе офлайн форматта жеке кабинет ұйымдастыратын маман.
Жеке тәжірибемен айналысушылар клиентпен ресми шарт жасасуға, кәсіби құпияны сақтауға және «ақпараттандырылған келісім» алуға міндетті. Сонымен қатар, егер клиенттің мәселесі психологтың құзыретінен тыс болса (медициналық немесе психиатриялық көмек қажет етілсе), маман бұл туралы ашық айтып, тиісті бейінді дәрігерге бағыттауға тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, бұл стандарттар халыққа көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын түбегейлі арттырып, тұрғындардың құқықтары мен қауіпсіздігін сенімді қорғауға бағытталған. Енді көрсетілетін қызметтердің деңгейі заңды түрде қадағаланып, психолог мамандығының қоғамдағы мәртебесі мен жауапкершілігі бекітілді.
Айта кетейік, жаңа нормалар мен ережелер ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң толық қолданысқа енгізіледі.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz