Қазақстанда қоғамдық орындарды ластау, вандализм және мүлікті бүлдіру деректеріне қарсы күрес шаралары қатаңдатылады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов министрлік отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство басшысының айтуынша, Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Биылғы тоғыз айдың өзінде абаттандыру ережелерін бұзу және қоғамдық орындарды ластау бойынша 321 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полицияның қабылдаған шаралары арқасында 1 318 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылып, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын заңсыз шығару фактілеріне тыйым салынды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, "Таза Қазақстан" ұғымы көшелердің тазалығынан әлдеқайда кең. Бұл – мінез-құлық мәдениеті, өзара құрмет және заңды сақтау. Қоғамдық орындарды ластау, вандализм және мүлікті бүлдіру фактілерінің алдын алу мен жолын кесу шараларын күшейтуді тапсырамын, – деді Ержан Сәденов.
ІІМ басшысы елді мекендердің сәулеттік келбетін бұзатын әрекеттерге қарсы жұмыстардың күшейтілгенін атап өтті. Атап айтқанда:
Жыл басынан бері 12 мыңнан астам заңсыз граффити өшірілді;
Осы бағытта шамамен 5,8 мың әкімшілік іс қозғалды;
Волонтерлердің қатысуымен 13 мыңға жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Министр мұндай құқық бұзушылықтардың жолын түбегейлі кесуді және ғимараттарға рұқсатсыз жазу жазғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулерді әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.
Жиында сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес нәтижелері мен республика аумағындағы жолдағы қауіпсіздік мәселелері де пысықталды.
Тегтер #Ержан Сәденов #Таза Қазақстан #24жаңалықтар #24KZ #вандализммен күрес #ІІМPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz