Бұрынғы «Искра» кинотеатрының ғимаратында заманауи болдеринг орталығы бой көтереді. Мұнда бір мезетте 250 түрлі қысқа бағытта жаттығуға мүмкіндік бар. Жоба балалар мен кәсіби спортшылар арасында құзға өрмелеуді дамытуға бағытталған. Бұл спорт әлемде жақсы дамып келеді. Тіпті 2020 жылдан бастап Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосылған, деп хабарлайды 24KZ.
Қала орталығында ашылатын жаңа спорт кеңістігінің аумағы 1200 шаршы метрден асады. Мұнда спортшылар техникалық тұрғыдан күрделі қысқа маршруттарды бағындыратын болады. Жаңа орталықта тек жаттығу өткізу емес, жарыстар ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдерді дайындау, сондай-ақ нұсқаушылар мен жаттықтырушыларды оқыту жоспарланып отыр.
Азат Қайдар, «Жаса девелопмент» ЖШС директоры:
– Жастар мен балалар арасында спортты дамыту – Мемлекет басшысы атап өткен басым бағыттардың бірі. Осы бастамаға үлес қосқымыз келеді. Оның үстіне Қазақстанның альпинизм тарихы терең. Сондықтан біз осы спорт түрін, әсіресе балалар мен жастар арасында дамыту өте маңызды деп санаймыз. Жабық болдеринг орталығы жыл бойы жаттығуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда соңғы жылдары құзға өрмелеуге қызығушылық артып келеді. Жастармен қатар елімізге келетін туристер мен шетелдік спортшылар да осы спорт түріне ден қоя бастаған. Жоба авторларының айтуынша, заманауи скалодромның ашылуы таудағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Денис Лукянчук, спорттық команда мүшесі:
– Біз балаларды тауға тұрақты түрде алып шығып, қауіпсіздік шараларын үйретеміз. Өйткені жыл сайын тауға келетін адамдардың саны артып келеді. Мен өзім де құтқару жасағының құрамындамын. Бұдан екі жыл бұрын тауға аптасына екі-үш рет шығатын болсақ, қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. Құтқарушылармен бірге тауға тәулігіне он рет шығатын жағдайлар болады.
Жобаны «Жаса девелопмент» компаниясы жүзеге асырады. Компания бірнеше жылдан бері Алматыда альпинизм мен құзға өрмелеуді дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. 2025 жылы «Жаса девелопмент» Алматыда алғаш рет өткен Құзға өрмелеуден Азия кубогын ұйымдастыруға да атсалысты. Ал жаңа орталық осы бағыттағы жұмыстың жалғасы болмақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
Тегтер #Алматы #скалодром #спортшылар #болдеринг орталығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz