Ақмола облысында маман тапшылығын жою мақсатында жергілікті бюджеттен қосымша 199 грант бөлінді. Оның 89-ы медицина, ал 72-сі педагогикалық мамандықтарға берілді. Қалғаны жылу энергетикасы, тау-кен, ветеринария сияқты бірнеше саланы қамтиды. Оңтүстіктен келетін түлектер үшін «Серпін» бағдарламасы да бар. Жалпы студенттерге жергілікті жоғары оқу орындары қандай жағдай жасаған? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Мерей Тілеубай – «Серпін» бағдарламасы аясында оқуға түскен. Қызылордалық бойжеткен облыс орталығындағы жоғары оқу орнын таңдапты. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Мерей қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Бұл үшін білім ошағында барлық жағдай жасалған дейді.
Мерей Тілеубай, студент:
– Студент тек сабақпен шектелмеу керек деп есептеймін. Жан-жақты дамуы керек. Ол тек теориялық білім алып қана қоймай, қоғамдық өмірге араласып, идеяларын, жобаларын қорғанын қалаймын. Өз мақсаттары болу керек. Барлық мүмкіндіктерді қолдана білу керек. Біздің университетте сондай көп мүмкіндік бар.
Аталған оқу ордасында қазір 10 мыңға жуық бала білім алады. Соның 400-ден астамы шетелдік студент. Олардың дені Үндістан, Пәкістан мен Ауғаныстаннан келген. Әсіресе медицина, IT, инженерия салалары бойынша білім алып жатқандар көп.
Абдалазиз Хамид, студент:
– Қазақстандағы білімнің сапасы жақсы. Сондықтан осы елді таңдадым. Қазір медицина мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Өзім Түркияданмын. Бір қуантартылығы, Қазақстанның білімі мен дипломы біздің елде жоғары бағаланады.
Қазір еліміздегі білім саласы жаңа дәуірге қадам басып, қарыштап даму үстінде. Соған сәйкес университеттер де оқу бағдарламасын жыл сайын жаңартады. Бұл тұрғыда мамандар жаңа технологиялардың мүмкіндігіне сүйеніп, халықаралық тәжірибелерді қолданады.
Ардақ Қапышев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры:
– Қазіргі таңда 19 халықаралық бағдарламаны игеріп жатырмыз. Сонымен қатар шетелдік университеттермен келісімшарттар жасасып, жаңа оқу бағдарламаларын ашып, бірлесіп мамандар даярлап жатырмыз. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықты әрі қарай дамытып жатырмыз. 62 оқу бағдарламасын дамыту және жаңа технологияларды енгізу үшін біз жұмыс берушілерді оқу процесіне тартып жатырмыз.
Қазір аймақта дәрігерлер мен ұстаздарға сұраныс жоғары. Сондықтан облыс әкімінің қосымша бөлінетін гранты осы салаларға бағытталады. Келісім-шартқа сәйкес оқу бітірген соң жас маман сол өңірде кемі 3 жыл қызмет етуге міндетті.
Әділет Сембі, облыстық Білім басқармасының өкілі:
– Әкім грантын алу тәртібі мемлекеттік гранттағыдай. Мұнда да ҰБТ нәтижесі бойынша іріктеу жүргізіледі. Яғни кімнің балы жоғары болса, сол грантқа ие болады. Ал студент оқуын аяқтамай, тастап кетсе, оқыған жылдарының ақшасын өтеуге міндетті. Аймақта жұмыс істеуден бас тартқан жағдайда да осындай жауапкершілік қарастырылған.
Қазір осындай қосымша гранттың игілігін 600-тарта студент көріп отыр. Ал мұндай жеңілдік тек Ақмола облысының ғана емес, барлық аймақтың түлектеріне үшін қолжетімді. Айталық, қазір өңірдегі 3 жоғары оқу орнында 18 мың студент білім алып жатыр.
Авторлары: Абзал Азаматүлы, Виктор Полянный
Тегтер #Ақмола облысы #маман тапшылығы #грантPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz