RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандық селекционерлер жүгері мен құмайдың жаңа сорттарын шығарды

06.10.2026, 22:35 47

Жемшөп көп болса, мал қоңды болады. Қазақстан селекционерлері жүгері мен құмай дақылының жаңа сорттарын шығарды. Қазір бұл сұрыптар мемлекеттік сынаққа жіберілді, деп хабарлайды 24KZ.

 «Селекция жұмыстары Үкіметтің қолдауымен жүзеге асты», – дейді мамандар. Жаңа сорттар «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» зертханасында шығарылды. Ғалымдар ең алдымен олардың жергілікті климатқа бейімделуіне мән беріпті. Өйткені кейбір шетелдік тұқымдар еліміздің барлық өңірінде жақсы өнім бере бермейді. Ал қазақстандық сорттар қуаңшылық пен суыққа бейім.

Айман Омарова, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ҒЗИ бас ғылыми қызметкері:

–Қазақстанның өзінің гермоплазмасы, өз будандары мен өз сорттары болуы керек. Бұл Қазақстанды жергілікті топыраққа бейімделген, қолайсыз ауа райына төзімді отандық будандар мен сорттардан жасалған жемшөп базасымен қамтамасыз ету үшін қажет. Сондықтан бұл сорттардың шетелдік сорттармен қатар Қазақстан үшін де маңызы зор.

Қазір жаңа сорттар мемлекеттік сынаққа жіберілді. Мысалы, жүгерінің Жетісу буданы гектарына 1000 центнерден аса жасыл масса береді. Бұл сүрлемге жақсы. Өзге сорттардың да ерекшеліктері бар.

Нұрсұлтан Мұсақожаев, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ҒЗИ зертхана меңгерушісі:

– Мирасқа келсек, ол ерте пісетін жүгері, оның өнімділігі бұрынғы сортқа қараған кезде 2-3 тоннаға дейін артықшылығы бар. Ал қалған Даяна және Алтынай сорттарына келсек, бұл жерде де өзгеріс бұлардың өнімділігінде және төзімділігінде. Біздегі тікелей жұмыстар – осы «Фонд науки» тарапынан беріліп жатқан тікелей көмектің нәтижесі. Соның арқасында зауыт салынды.

Былтыр институтта жүгері және сорго дақылдарының тұқымдарын кептіру, сұрыптауға арналған жаңа өндірістік желі іске қосылған еді. Ол тұқымдық материалды өңдеу тиімділігін арттырып, көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, отандық селекцияның қорын көбейтуді көздеп отыр.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz