RU
Толық нұсқаға өту

Елде киім-кешекке цифрлық таңба қойылады

07.10.2026, 07:50 61

Цифрландыру киім-кешекке де жетті. Өйткені жеңіл өнеркәсіп саласында көлеңкелі бизнестің үлесі тауар түріне қарай 20-дан 45 пайызға дейін жеткен. Мамандар заңсыз сауданың жолын енді цифрлық жүйе арқылы реттемек. Цифрлық таңба желтоқсан айынан бастап қойылады, деп хабарлайды 24KZ.

Киім-кешекке цифрлық таңба қойылады

Киім-кешек сатып алмас бұрын оның қашан, қалай және қайда тігілгенін ұялы телефон арқылы санаулы секундта тексеруге болады. Бұл үшін тауардың бірегей кодын сканерлесеңіз жеткілікті. Барлық мәлімет шыға келеді. Көлеңкелі бизнеспен күресудің тиімді жолы осы. Биыл желтоқсан айынан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарлары таңбалануға тиіс. Алғашқы кезеңде былғарыдан жасалған киімдер мен керек-жарақтары, жасанды үлбір мен одан жасалған бұйымдар, мақта жібінен тоқылған киімнің жекелеген түрлері, шаңғы костюмі, сондай-ақ ас үй, жатын бөлме мен дәретхана бұйымдары қамтылады.

Алмат Исмаилов, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының басқарушы директоры:

– Цифрлық таңба арқылы тауардың сапасын тексеруге болады. Мысалы, тұтынушы киімнің табиғи немесе жасанды былғарыдан тігілгенін анықтай алады. Егер тауар мен мәлімет сәйкес келмесе, «Нақты өнім» мобильді қосымшасы немесе е-өтініш жүйесі арқылы шағым жолдау керек.

Тауар өндірушіге цифрлық таңба тиімді ме?

Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп өндірісінің 90 пайызы импортқа тиесілі. Сондықтан импорттаушылар кедендік рәсімдерге дейін тауарды таңбалауға тиіс. Ал отандық өндірушілер зауыттан шыққан өнімді келесі бизнес субъектісіне берер алдында цифрлық белгі қоюы керек. Сондай-ақ бөлшек саудамен айналысушылар дата-матриксті оқи алатын бақылау-касса машинасы арқылы ғана тауарды сатуға міндетті. «Адал сауда» кәсіпкерлер Одағы өкілдерінің айтуынша, цифрлық жүйе тауар өндірушілер үшін де тиімді. Алғашында қосымша техникалық ресурстар мен шығынды талап етуі мүмкін. Алайда тауар айналымын қадағалап, заңсыз өнімдерді нарықтан ығыстыра алса, өндірушілер бұл бастаманы қолдауға әзір.

Цифрлық таңбалау үрдісі 3 кезеңге созылады

Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау үрдісі мұнымен шектелмейді. Келер жылдың наурызынан бастап екінші кезең басталады. Онда жемпір, кардиган, шәлі, мойын орағыш, галстук сияқты киім-кешек түрлерінің тағы бір легі қамтылады. Ал 2027 жылдың қазанынан бастап үшінші кезең қолға алынып, костюм, пиджак, көйлек, белдемше, шалбар мен спорттық киімдер тізімге енеді.

Алмат Исмаилов, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының басқарушы директоры:

– 284-бабына сәйкес міндетті таңбалауға жататын тауарларға дата-матрикс коды жапсырылуы керек. Егер талап орындалмаса, кәсіпкерге алғашында ескерту беріледі. Ал заңбұзушылық қайталанса, бизнес көлеміне қарай 20-дан 40 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салынады.

Елде міндетті таңбалауға жататын тауар тізімі жылдан жылға кеңейіп келеді. Биыл қыркүйек айынан бері биоқоспаларға белгі қойылып жатыр. Ал оған дейін дәрі-дәрмек, аяқ киім, мотор майы, сыра мен темекі өнімдері цифрлық бақылауға алынды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz