Ордабасылық тұрғын өз ауласы мен туған өлкесін көгалдандыруға үлес қосып жүр. Аудандық Әкелер мектебінің төрағасы Лесбек Жүсіп өзі бастамашы болып, биыл көктемде 300 түп көшет екті. Қария: «Тазалық пен көгалдандыруды әр адам өзінен, өз шаңырағынан бастауы керек», – дейді. Сонда ғана өзгелерге үлгі боласың, деп хабарлайды 24KZ.
Лесбек Мұңсызбайұлының жасы 80-ге келсе де қимылы ширақ. Қария таңертең ерте тұрып, ауласындағы ағаштар мен гүлдерді суарады. Бақшасын күтіп-баптайды. «Егілген әрбір түп ағаш ауылдың ауасын тазартып, оттегі мөлшерін көбейтеді», – дейді қария. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері белсене қатысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Биыл өзі бастамашы болып, аудан орталығына 300 түп көшет отырғызды.
Лесбек Жүсіп, аудандық Әкелер мектебінің төрағасы:
– Қазір жайқалып өсіп тұрғаны бізді қуантады. Күн сайын өткен сайын қуанышпен қайтамыз. Өйткені бұл жастарға үлкен тәрбие, жастар табиғатты аялай білуге үйренуі керек. Қалай аялау керек? Бірінші талдың бұтағын сындырмау керек, керек болса өзі тал егіп, гүл егіп қойсын. Жастар осыдан бастап еңбек ете бастаса, соның жемісін көріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыратыны ол да бір қуанышқа бөлейді. Өйткені келер ұрпаққа олар да біз арқылы өзінің жасаған еңбегін қалдырайын деп тұр.
Мұндай игі іс «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына серпін береді. Аудан тұрғындары ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындарының тал егіп, айналаны жасыл желекке айналдыруы қоршаған ортаны қорғаумен қатар, отансүйгіштіктің шынайы үлгісі екенін айтады. Қазір тазалық қызметкерлері орталық саябақта күзгі көшет егу науқанына дайындалуда.
Нұрсейіт Айтбайұлы, Темірлан абаттандыру мекемесінің инженері:
– Тал егіп, жер көргертіп, таза ұстасақ, ол – өзіміздің болашағымыз. Деніміздің сау болуына үлкен көмегін беретін нәрсе. Қазір талдарды бұтап, жерлерді дайындап, аудан көлемінде тал егуді бастаймыз. Қазіргі таңда Темірланға кіреберісте 4 гектар, бер жағында 5 гектар жерге былтырдан бері тал егіліп жатыр. Ертеңнен бастап сол жерге жолдың екі бетіне төрт қатар тал егуді бастаймыз.
Жасыл желек ауылдың көркін кіргізіп, тұрғындардың демалатын жайлы орнына айналады. Биыл көктемде аудан орталығы Темірлан ауылында 20 мың көшет пен 120 мың түп гүл егілді. Барлығы көктеп, жайқалып тұр. Енді ауыл сыртындағы күрежолдың бойына ағаш егу үшін жері дайындалып жатыр.
Азат Оралбаев, Ордабасы ауданының әкімі:
– 5 гектар жерді, қырды дайындап қойдық. Одан бөлек, Қарауыл төбеде жолдың екі жағына тал ексек деген жоспарымыз бар. Одан басқа Темірланда екі орын дайындап жатырмыз. Сол сияқты 10 ауылдық округте арнайы қоршалған, су жүйелері бар жерлерге 20 мыңнан аса көшеттерді күзде егеміз деп отырмыз. Егу бір бөлек, оны күтіп ұстау мәселесі тұрақты бақылауда болады.
Ағаш егу ауылдың сәнін келтіріп қана қоймайды, ауаны тазартып, табиғатты қорғауға үлес қосады. Биыл Түркістан облысында 1 млн 300 мың түп көшет отырғызу жоспарланған. Оның 500 мыңы көктемде орналастырылса, қалған 700 мың түбі күзде егіледі деп күтілуде.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #24KZ #Таза Қазақстан #көшет егу #Ордабасы #Түркістан облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz