Шығыс Қазақстанда қоршаған ортаны ластап, қаланың көркін бұзған 7 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицияның мәліметінше, құқық бұзғандарға 32 млн теңге айыппұл салынды. Дегенмен заңсыздық тыйылмай тұр. Кез келген жерге қоқыс тастап, саябақтар мен көшелердегі шағын мүсіндерді қирату дерегі көп, деп хабарлайды 24KZ.
«Жартысына ШҚО ПД жедел түсірілім Қоқысты контейнерге жеткізбей лақтырып, темекі тұқылын кез келген жерге тастай салу деректері бейнекамераға күнделікті тіркеледі», – дейді мамандар. Қалаға сән беріп, тұрғындардың тынығуы үшін жасалған дүниелерді қиратып кететін жайт да көп.
Мәселен, мынау – Өскеменнің шетіндегі Шешек асуында ашылған жаңа демалыс орны. Сенбі-жексенбі күндері мұнда кем дегенде 50-60 адам келеді. «Таза тұрған жерді кейін танымай қаласың», – дейді тәртіп сақшылары.
Думан Қазақбаев, Өскемен қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы:
– Халық қоқыс тастайды. Шешек деген жазуды сындырып тастаған. Сол жазуды сындырып тастаған адамды Астанадан ұстап, осы жерде жауапкершілікке тарттық.
Тәртіп бұзғандарды анықтауда бейнебақылау камераларының көмегі көп. Сондықтан қоқысты бей-берекет тастаған адамды табу, тазаланбаған контейнерлерді анықтау қиын емес. Қаладағы Аймақтық талдау орталығында оның бәрі көрініп тұрады.
Эльмира Ахметова, тілші:
– Бұл жерде қаланың тыныс-тіршілігі, көлік қозғалысы толық толық бақыланады деуге болады. Орталыққа 600 бейнебақылау камерасы тіркелсе, соның 237-сі қоқыс алаңдарына бағытталған.
Тіркелген әрбір заңбұзушылық нақты дәйек ретінде құзырлы органдар назарына жолданады.
Аяулым Босымбекова, «Аймақтық талдау орталығының» ақпараттық менеджері:
– Сәуір айынан бастап 237 оқиға тіркелді. Өңірлік талдау орталығы мамандары тәулік бойы жұмыс атқарып, бейнебақылауды қарап, оны арнайы органдарға жібереді.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері қоршаған ортаға залал келтірген 7 мың адам жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы 32 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Табиғат тазалығын сақтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылып жатыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #24KZ #ШҚО #қоқыс #табиғатты қорғау #айыппұлPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz