Даму және ерте араласу орталықтары Қазақстанның әр емханасында ашылады. Қазір елде 445 осындай орталық жұмыс істеп тұр. Ал жыл соңына дейін олардың санын 650-ге дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Мұндай орталықтарда міндетті скринингтер кезінде дамуында ерекшеліктері анықталған балалар бақылауда болады, деп хабарлайды 24KZ.
6 жасар Хафиздің бүгін көңіл-күйі жақсы. Бала логопед-дефектолагтың тапсырмаларын мұқият тыңдап отыр. Бүгін ол тағы бір әріпті айтуды үйренді. Хафиз бірнеше күннен бері №10 қалалық емхананың «Даму және ерте араласу орталығында» тегін ем алады. Мамандар балаға түрлі жаттығулар жасатып, маториканы дамытуға көмектеседі.
Қызғалдақ Сәтмұхамбетова, қала тұрғыны:
– Бұл жердегі логопед-дефектологтарға кезек бойынша 2 рет жүгініп жатырмыз. Балада алғашқы келген кезде бірнеше әріптерді сөздердің арасында айтпау, шатастыру деген нәрсе болды. Бала негізі сөйлемейді емес, сөйлейді. Балаларда кәдімгідей нәтиже бар. Осы ауданға қараймыз, сол себепті бізге өте ыңғайлы.
Нәтиже жақсы болғанымен, баланы орталыққа әкелу оңай болмады. Анасының айтуынша, олар 3-4 айдай кезек күткен. Бұл ерте араласу орталықтарына сұраныстың көптігін көрсетеді. Мәселен, осы кабинеттің өзіне бір жылда 3700-ге жуық бала келген.
Мөлдір Жанарбек, №10 қалалық емхананың ерте араласу және даму кабинетінің педиатр-супервизоры:
– Орталық негізгі 2025 жылы 1 шілдеде ашылған. Қазіргі таңда 2026 жылы осы 9 айда бізде 3652 бала орталықтан консультациядан өтті. 371 бала мультидисциплинарлық топқа жіберіліп, ерекшелігі анықталып, түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазір елде осындай 445 орталық жұмыс істейді. Балалар скринингтің бес түрінен өткеннен кейін мұндағы мамандарға жіберіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тек өткен жылдың өзінде 142 мың бала динамикалық бақылауға алынды. Енді мұндай көмек әрбір емханада қолжетімді болуы үшін орталықтар санын арттыру көзделген.
Гүлдей Бегалиева, ҚР ДСМ департаментінің Медициналық-әлеуметтік оңалту басқармасының басшысы:
– Даму және ерте араласу орталықтары әрбір емханада болады. Олардың санын жыл аяғына дейін 650-ге дейін жеткізу жоспарланып отырмыз. Балалар бес түрлі скрининг пен профилактикалық тексеруден өткеннен кейін, дамуында қандай да бір ерекшелік анықталса, осы орталықтарға жіберіліп, бақылауда болады. Тіпті перзентханада қауіп-қатер тобына жатқызылған балалар да осындай кабинеттерде динамикалық бақылауда болады.
Ведомство өкілдері көмекті түпкілікті диагнозды күтпей-ақ, баланың үш жасына дейін бастау маңызды екенін атап өтті. Қазір орталықтар кезең-кезеңімен дамып келеді. Сонымен қатар ата-аналар ірі қалаларға сабылып жүрмеуі үшін министрлік орталық аудандық ауруханаларда да осындай алаңдарды ашуды жоспарлап отыр. Бұл сөйлеуінде, қимыл-қозғалысында ерекшеліктері бар бүлдіршіндердің дұрыс жетілуіне жәрдемдесіп, қоғамға бейімдеуге жағдай жасайды.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Медет Қуанышбеков
Тегтер #24KZ #логопед #дефектолог #даму және ерте араласу орталықтары #Денсаулық сақтау министрлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz